«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Бас қосқандарына біраз жыл болса да балалары болмай жанарлары жасқа толып, Құдайдан бала тілеумен күндерін өткізген ерлі-зайыптылар болыпты. Екеуінің күнделікті тамағы киім-кешегін айыру үшін жолдасы ел қатарлы Шалқарға ау салып, балық аулайды екен. Баланың зары қинады ма, кім білген, ойға шомған жігіт көлдің терең жеріне қарай ұзап кеткенін де білмей қалады. Жападан жалғыз кеш арасында көлге шыққан жігітті тұңғиық тартып кетеді. Көмекке келер ешкім жоқ, қапыда қыршын жас қаза болады. Күйеуінің қайтпас сапарға кеткенін білген үйдегі жұбайы тағдырына талақ айтып, қара жамылып қалады. Құрсақ көтермей бір, зарлы жұбайынан айырылып екі зарлы болған байғұс елес қуып жынданудың аз-ақ алдында қалады. Тек, бір күні сорлының зары сап тыйылады. Қайдан келгені белгісіз, таң ата есік алдына шыққан әйел ботасын емізіп тұрған түйені көреді. Өз көзіне өзі сенбеген бейбақ інгеннің аппақ ботасын ай¬малап құшып жылай береді. Ботасын ерткен түйе сол күннен бастап қаралы үйде қалып қояды. Жесір әйел де Құдайдың сыйына шүкір айтып, күнін інгенді баптаумен, оның ботасымен ойнаумен өткізіп, қайғысын ұмыта бастапты. Көзі мөлдіреп әйелді көрсе, енесін көргендей тайраңдайтын ботаға келіншек Ақтайлақ деп ат қояды. Ауылға балық аулауға келген еріккен бір сарттың құлағына жесір әйелдің үйіне түйе адасып келді деген әңгіме келіп тиеді. Қаңғып келген інгенді менікі деп дау айтпаққа бел буып, арам ойын жүзеге асыру үшін жесірдің үйіне барады. «Сен менің малымды ұрладың. Сүті мен ботасын пайдаландың»,-деп әйелге дүрсе қоя береді. «Малымды өзім аламын»,- деп дуал ішіндегі інгенді тарта жөнеледі. Өмірінде көрмеген, ием деп танымаған бөтеннің бұл қылығына інген де, бота да қарсылық көрсетіп бағады. Әрі тартынады, бері тартынады, еріккен арам сарттан құтыла алмайды. Түйенің қарсылығын көріп қаралы әйел інгеннің шылбырына жабысады. Сарттың қулығын түсініп, әйел түйе мен ботаны алып қалудың амалын жасап бағады. Ойлаған ойы жүзеге аса қоймаған соң сарт әйелді соққыға жыға бастайды. Білегінің күші мол сойталдай сарттың тиген жұдырығы келіншекке ажал болып тиеді. Қаншама уақыт бойы тайлағы мен өзіне қамқорлық көрсеткен әйелдің жансыз денесін көріп інген бойына қара күш енген кейіпке енеді. Аузынан жыны ағып, сартқа тап береді. Тісімен қыршып, алдыңғы аяғымен тарпып сартты құлатады да, өзі бар салмағымен оның үстіне құлап жаншыған екен. Сол жатқанынан түйе тұрмайды. Адамның опасыздығынан зар тұтып жатқан енесін көрген бота да інгенмен қатарласып жатып қалыпты. Иесінің мәйітін келген адамдарға бермеген екен жануар. Өзі де, ботасы да оларға қарсылық көрсетіп, тірі жан жақындатпапты. Сол жатқаннан інген де, бота да аштықтан өліпті. Ол сор бүгін де Ақтайлақ деп аталады.