***
Кенесары мен Наурызбай қырғыздардың қолына түсіп қалған соң, Ағыбай Сарыарқаға, Қарқаралы уезіне қарай өзіне белгілі Бетпақ шөліндегі Шуды асып көшті. Мұны Бөлтірік естіп, артынан бес жүздей кісімен ізіне түседі. Бұдан Ағыбай батырдың еш хабары болмайды.
Көшіп келсе, қонарлық жердегі су бойынан бір қара нар, бір ат, итарқа қос көрінді. Сол қостан бір жуан, зор еңгезердей біреу шығып:
- Иә, Ағыке! Аман-есенсіз бе? Сізді күтіп жатқаныма екі күн болды. Менің затым - қуандық, жасымнан үйсінге сіңіп кеткен ем, атым - Балабақсы. Қара қобыз биыл өлесің деген соң келе жатырмын, қасымда үйсіннен алған қатыным бар.
Ағыбай айтты:
- Олай болса қара қобызды тарт, мені қуған адам бар ма екен? - дегенде, Балабақсы қара қобызды тартып отырып:
- Ойпырым-ай, Ағыке! Көп кісі Шудан өтіп қуып келеді, бір Бөлтірік деген сақалды адам шарт жүгініп отыр», - дейді. Ағыбай үндемейді.
Батырдың көші осы суға қонады. Біраз уақыттан соң бұлардың қасына екі қос сарттар келіп түседі. Сарттар көрші қонып жатқан Ағыбай деген соң қорқып, сасады.
Керуенбасшы сарт «Ағыбайға сәлем беремін» деп, Ағыбайдың қосына келеді. Ағыбай «ешкім сендерге тимейді», - деген соң сарттардың қорқыныштан көңілі басылады. Таң атқан соң сарттардың керуен басшысы бірнеше тоғанақ нәрселерімен тарту-таралғы береді.
Кетерінде керуенбасшыға Ағыбай хат береді: «Мына мені қуып келе жатқан үйсін Бөлтірік батырға бер, бұрын өзіне айтқан уәдем бар еді, «ер кезегі үшке дейін» деп, екі рет ажалдан қалдырып ем, енді қазірден бастап мал-мүлік, қатын-балаларды Сарыарқаға үдіре көшіремін. Өзім алпыс екі туысқаныммен осы арада үш күн күтемін, шөл Бетбақтың даласында емін-еркін қимылдап, шер құмардан шығайын, дүние екі келмес», - деп тапсырды.
Сарттар қуана-қуана риза болып жөнелді. Батыр көшін жөнелтіп жіберіп, алпыс екі кісімен сол арада қалды.
Екінші күні Бөлтірік батыр сарттарға кез болады. Бұлардан: «Көшіп бара жатқан ел көрдіңдер ме?» - деп сұрайды. Бұлар:
«Көрдік, Ағыбай батыр көшіп барады, екінші суда сіздерді күтіп қалды», -деп хатын береді.
Сарттар: «Иә, батыр! Біз Ағыбайды көрдік, өзін адамға ұқсата алмадық, атын бұ дүнияның малы дей алмадық, «шер, құмардан шығайын» деп күтіп жатыр, егерде тіл алсаңыз, қайтыңыз?», - дейді.
Бөлтірік батыр ойланып-ойланып отырып: «Хатта да осы, ауызша да осы, мұнысының бәрі рас, Кенесары сықылды ханынан айырылып, Наурызбайдай батырынан айырылып күйінді болып, ашу-ызамен көзіне қан толып барады, алдымен мені мерт қылады, қой, бұнымен жағаласпай-ақ қайтайық»,-деп қайтып кетеді.
Үш күн жатып, төртінші күні Балабақсы қобызын тартып: «Ей, Ағеке! Бөлтірік Шудан өтіп қайтып кетті», - дейді. Ағыбай аман-есен көшіне келеді. Балабақсыны еліне аман-есен жеткізіп салып, екі құлынды бие, бір сауын іңген түйе беріпті.
Сол жылы қатты жұт болып, Балабақсы қайтыс болады.