БАБАЛАР СӨЗІ: Кіші айдаһарлы, Үлкен айдаһарлы тауларының атауының шығу тарихы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Кенесарының Ағыбай деген батыры болыпты. Дараттан шыққаннан кейін қас қарая бір таудың етегіндегі бұлағы бар жергe келіп бел шешіп демалады. Тамақтанып отырғанда, алыстан жылтыраған нәрсені көреді. Әскердегі батырлардың бірі шыны дейді, біреуі от дейді. Таң атқаннан кейін көреміз деп келіседі. Таң атады. Кенесарының астында «Қызыл ауыз» деген тұлпары болады. Таңертең Кенесары қараса, кешегі жылтырақ төңкеріліп кетіп бара жатқан айдаһар болып шығады.

Жанында Ағыбай батыр болыпты, бірақ сылтауратып баруға жүрегі дауаламапты. Кенесары айдаһарға қарай жүріп кетеді. Тақалғанда «Қызыл ауыз» тұлпар осқырынып жүрмей, кейін шегіншектей береді. Аттан түсе сала айдаһармен алысады.

Айдаһар құйрығымен жерді сабалап, шаңды бұрқыратып, аузынан от шашады. Әскердің бәрі оянып қоршап қарап тұрады. Шаңнан ештеңе көрінбейді. Бір уақытта жел тұрып шаңның бәрін алып кетеді. Кенесары көрінеді, қылышының қанын жүн-жұрқамен сүртіп тұрады. Айдаһар үшке бөлініп жатады.

Айдаһардың басын қанжығасына байлап алып, атына мініп әскеріне тіл қатпастан, бұлақтың басына барып ұйықтайды. Қатты шаршаса керек. Тамаққа оятса тұрмайды. Ертеңінде тұрып оразасын ашқанда, батыр үндемей түнеріп отырғанда әскері ыңғайсызданып, бастарын төмен салып отырады. Мұны сезген Кенесары:

-Ей, бауырларым! Сендерге өкпем жоқ, тек мына көсеге болмаса (Көсе дегені - Ағыбай батыр), - дейді.

Әскері атқа қонып, сол жерді «Екі тау, бірі үлкен, бірі кіші. Етегінде екі бұлақ бар. Үлкен тау - «Үлкен Айдаһарлы», кіші тау - «Кіші Айдаһарлы», бұлақтар: «Алтын бұлақ», «Күміс бұлақ» болсын деп кетеді.