Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» тәрізді жаңа айдарлар ашылды. «Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағұлматтар берілек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланып отырады.
***
Ахмет правитель Кенесары, Наурызбайдан қорғану үшін бір бөлек әскер ұстайды. Ол әскердің бастығы қыпшақ руының Арық тайпасынан шыққан Құрманқұл Тұрдықұл баласы деген батыр болады.
Наурызбай Ахмет правительдің ордасын шауып, бірнеше қолмен жылқысын айдап кетеді.
Ахмет правитель «аулымды қайта оралып шаппасын» деген қауіппен бір топ әскерін қарауылға жібереді. Бастығы жаңағы Құрманқұл. Құрманқұл әскерін таудың етегіне түсіріп, әр жерден қарауыл қойып қарап тұрады. Таң сарғайып атқан кезде, таудың басынан етектегі әскерге қарай ағып келе жатқан жалғыз қараны көреді. Әлгі қараның жұлдыздай ағуымен қатар, екпін дүрсілі тауды солқылдатқандай. Бұл кім, бұл не деп әскер үрейленеді. Құрманқұл әскерін бастап тәртіпке салып, тобын жаздырмай қаз-қатар тізіліп тұрады. Ағызып келе жатқан Наурызбай екен. Манағы дүрсіл Ақауыздың жерді тесіп кеткендей желісі болып шығады. Құрманқұл және оның әскері қорқып тегіс қол қусырып аяғына бас иеді. Содан кейін Наурызбай амандасып, жөн сұрасып тілдеседі. Сонда астындағы Ақауыз шиыршық атып тұрмай, басқан жерін аяғымен жер ошақ қып қазып, есік пен төрдей жерге атылады. Наурызбай тоқтатпаса, Ақауыз тапап кетердей, қамыс құлақтары тастөбесінде, көздері оттай жанған, танаулары шелектей көкке қарғып тұрады. Наурызбай олармен танысқаннан кейін қош айтысып, Ахмет правительге жеткізуге Құрманқұлға бірнеше сөз тапсырып, кері қайтады. Наурызбай ұзаңқыраған мезгілде осы қолдың ішінен Шабдар деген мылтық атады. Наурызбай мылтықтың даусын естіп, қылышын суырып Шабдарға келгенде, Шабдар шыдай алмай, қашып, қалың топтың арасына кіріп кетеді. Құрманқұл Наурызбайдың алдына барып: «Мұның өзі қалай болса солай есалаң кісі еді»,-деп көпшіліктің Наурызбайға бағынатындығын айтады. «Ә, солай ма еді?!», - деп Наурызбай қылышын қынабына сарт еткізіп салады да, айналып жүре береді. Сонда Құрманқұл: «Наурызбайдың ерлігіне ырза болдым», - депті.