«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.
***
Бұрынғы өткен заманда бір шал мен кемпір өмір сүріпті. Олардың дәулеті шағын болғанымен ақылға парасатты, ойға бай адамдар екен. Солардың жан дегенде жалғыз бір баласы бар екен.
Уақыт өз дегенін алмай қоя ма. Жасы жетіп қартайған шал мен кемпір күндердің бір күнінде ауруға шалдығыпты. Бірте-бірте аурулары меңдеп, асқынып екеуі де төсек тартып жатып қалады. Жанталасқан жалғыз баласы көрші ауылда тұратын кәрі тісті, мүкіс құлақты бір емші ақсақалға барып аурудың дәру болар емін сұрайды. Сырқаттардың жай-күйімен сырттай танысқан емші өзінің өмір-тәжірибесіне сүйене отырып, қандай ауру екенін айтыпты. Сонан ұзақ ойланып барып жаңағы жігітке былай дейді:
-Шырағым, балам. Бұл оңай жазылатын жеңіл-желпі сырқат емес, егер шынымен ата-анаңа жаның ашыса, күннің шығысына қарай сапарға аттан. Күн жүрерсің, түн жүрерсің, ай жүрерсің, сөйтіп биік таулы бір өлкеге жетерсің. Сол жерге барғанда бір үңгірді мекендеген, қабақтарын ағаштың бұтасымен көтеріп қойып қарайтын, бурыл сақалы беліне түскен бір қарияға тап боларсың. Ол менің ұстазым. Мың жыл ғұмыр кешіп келе жатқан адам. Аурудың емін сол кісі ғана айта алады, - дейді.
Осы әңгімеден кейін жас жігіт ата-анасына ем іздеп жолға шығады. Қария айтқандай араға көптеген айлар салып, сол жерге жетеді. Қартқа жолығып, емшінің сәлемін айтады. Сонда оң жақ қабағын ағаштың бұтасымен көтеріп, жаңағы жігітке былай дейді:
-Қарағым, қадамың құтты болсын. Келгенің дұрыс болыпты. Ол ауру «безгек» деп аталады. Оны емдейтін шөп осы өлкеде ғана өседі. Дертіне шипа болсын, - деп бір түйнек шөпті жаңағы жігіттің қолына ұстатыпты.
Қуанышы қойнына сыймаған жігіт еліне қайтып оралады. Әлгі шөпті қайнатып ішкізіп әкесі мен шешесін емдепті. Аз ғана уақыттың ішінде сырқат кісілер ауруынан айығыпты. Осыны естіген маңайындағы дертті болған адамдар әлгі жерге барып, ем шөпті алып келу үшін жаңағы жігіттен жолды, жөн-жобаны сұрапты. Сондағы жігіт:
-Күннің шығысына қарай алты ай жүріп жетесің, қайтарда алты ай жүріп келесің, - дейді.
Сонан жаңағы таулы өлке «Алтай» деп аталып кетеді.