***
Сырым Хиуада жүріп қайтыс болады, бала-шағасына естіртуге елдің адамы жиналып, ешбір қисынын таба алмайды. Елдің шетінен Ұрышта деген биді алдырады. «Сырымның өлімін қатын-баласына естірту керек болып сізді алдырдық, соған баралық, барып естіртелік, сіз соны айтыңыз»,-дейді халық. Барады, бір-екі күн қонақ болғасын, қызмет айтылады. -Шырағым, Қазыжан, Қарт атаң сенің Дат еді-ау, Есіміне ісі лайық емес, Тек бір қойған ат еді-ау! Өзіңнің атың Қазы еді-ау, Қысың да сенің жаз еді-ау! Әкең сенің Сырым-ды, Кебеже қарын, кең құрсақ, Іші толған білім-ді. Тек қазақ жұрты емес, Билегендей ер еді-ау Қытай менен Қырымды. Әкең Сырым аман келсе, Сүйіншіге берер ме едің, Олжатай мен Сүгірді? Сол секілді Сырекемнің арғымақ аты сүрінді,- дейді Ұрышта қарт. Бұны естіп, Қазы би қонақтарын таратпай, алғашқы садақасын беріп қайырған дейді.