БАБАЛАР СӨЗІ: «Жылаған ата» үңгірі туралы аңыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын өткізу туралы бастамасына орай «Қазақ хандығына 550 жыл» атты арнайы жобаны іске қосты. Бұл жоба аясында «Бабалар сөзі», «Қазақ хандары», «Ежелгі қалалар тарихы», «Халық қазынасы» қатарлы жаңа айдарлар ашылды.

«Бабалар сөзі» айдары негізіне «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық ауыз әдебиетінің жыр-толғаулары, қисса-дастандар, сөз ұстаған шешендер мен билерімізден қалған нақылдар, тарихи жәдігерлер алынды. «Қазақ хандары» айдарында тарихымызда еліне қорған болған хандардың өмірі туралы деректер беріледі. Ал «Ежелгі қалалар тарихы» айдарына қазақ даласындағы өркениеттің ордасы болған көне қалалардың тарихы туралы жазбалар жарияланады. «Халық қазынасы» айдары бойынша, Қазақстандағы тарихи, мәдени ескерткіштер, қазақ халқының салт-дәстүрлері, қолөнер, қару-жарақтары туралы мағлұматтар берілмек. Жоба материалдары қазақ тілінде (қазақша және төте жазумен) агенттік сайтында жарияланады.

***

Бір кісі бай болғанымен перзенті болмапты. Әулие-әнбиелердің басына әйелі екеуі түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Мұнан соң әйел түн ішінде: «Құдайдан күндіз-түні тілегенім бұл емес еді ғой!» - деп жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Тау-тастың арасында месті көтеріп, он екі жыл бойы көзінің жасы көл болып, қаңғып жүре береді.

Күндердің күнінде әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, ішінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы да: «Балам, тоқташы!» - деп жалынып соңынан жүгіре береді. Бала: «Артымдағы анам шөлдеп келе жатыр ғой» деп асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді. Сол қашқан бойы бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы ары шақырады, бері шақырады, бала тек үңгірдің ішінен: «Ана, мені іздеме, үйге қайта ғой», - деп үн береді, бірақ өзі шықпайды. Анасы оны қимай, сол үңгірдің жанынан кетпей жүре береді. Бір кезде бала үңгірден шығып: «Ана, мен ақыреттік баламын, бұл жерде жүре бермей, еліңе қайт, мен бәрібір енді жоқпын, менің мекенім - осы жер, осы үңгір», - дейді. Анасы жалынғанмен, бала көнбеді. Анасы: «Құдайдың жазғаны осы шығар» деп ойлап, баласына: «Жарайды, мен кетейін», - дейді жүрегі қан жылап тұрып. Бала айтты: «Тек артыңа қарама, жалғыз тілегім сол», - дейді. Анасы ақыры күдер үзіп, таудан шыққан соң, әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен. Әйел артына қараған заматта қызыл су жерге сіңіп кетеді. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. «Жылаған ата» деп бала кіріп кеткен үңгір сол уақыттан бері аталып келеді.

Қазіргі күнде ол жерге көп адамдар зиярат етіп барады. Мұны аңыз десек те, сол үңгірдің кіре берісінде жалаң аяқ баланың іздері тасқа басылып қалған. Үңгір кәдімгі сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан үнемі су ағып тұратын болса, «Жылаған атадан» су үнемі ақпайды. Басына барып Құран оқыған адамға ағады. Онда да кей адамға аққанымен, кей адамға ақпайды.

Оның себебін «Ниеті таза адамдарға әулиенің суы ағады, ал ниеті қарау адамға ақпайды» деп түсіндіреді ақсақалдар. Сол үңгірді жағалап жүре берсеңіз, бір жартас тік болып келіп, одан тамшылап су ағып тұрады. Оны «Жылаған атаның анасының көз жасы» дейді. Жылаған атаның местен шыққан жері, мес түскен жер «Мес әулие» деп аталады. Ол жерді де жергілікті халық киелі жер деп санайды. Жылаған атаның суы бір адамға ағып, екінші бір адамдарға ақпайтыны не дегенмен де жұмбақ құбылыс.