Кең дала төсінен ойып орын алған екі мүсін анандайдан көзге түседі. Десек те, ғасырлар бойы жел өтінде тұрып, мүжілген ескерткіштер бірер жыл бұрын ғана ғылым үшін «ашылды». 2024 жылы Уәлиханов ауданында жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары барысында Аққұдық-Комсомольское ауылының маңындағы ғұрыптық кешеннен екі тас мүсін тіркелді. Бұл жаңалық облыс археологиясы үшін маңызды оқиға болды. Себебі өңірде мұндай ескерткіштер өте сирек кездеседі.
Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Меруерт Қиясбекқызының айтуынша, институт Ғылым және жоғары білім министрлігінің мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданында археологиялық ескерткіштерге іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізді. Экспедициялардың негізгі мақсаты бұрыннан белгілі ескерткіштердің жағдайын бақылап қана қоймай, жаңа археологиялық нысандарды анықтау болған.
Сапарлардың бірінде археолог, PhD докторант Данияр Дүйсенбай Уәлиханов ауданындағы тас мүсіндерді тіркеген.
Қызығы сол, бұл тастар жергілікті тұрғындарға бұрыннан белгілі болып шықты.
— Тас мүсіндер тіркелгеннен кейін ғана олардың ауыл тұрғындарына ертеден мәлім екенін білдік. Тіпті бұл тастар туралы аңыздар айтылып, мектеп оқушылары шығармашылық жұмыстар жазған екен. Мәселен, жоңғар жігіті мен қазақ қызы бір-біріне ғашық болып, сөз байласады. Бірақ оларды қуғыншылар өлтіріп, бұл қос мүсін соларға қойылған деген де аңыз бар, — дейді Меруерт Қиясбекқызы.
Ортағасырдан жеткен мұра
Тас мүсіндер Аққұдық ауылынан солтүстік-шығысқа қарай тоғыз шақырым жерде орналасқан ғұрыптық кешеннің құрамына кіреді. Төбе басында орналасқан қорғанның диаметрі шамамен 10 метр, биіктігі 40 сантиметр.
— Қорған топырақтан тұрғызылған және қалың шөппен көмкерілген. Қорғанның жоғарғы бөлігі тегістелген, пішіні трапеция тәрізді. Тоналған іздер байқалмайды. Қорған төбесінде екі тас мүсін орнатылған. Ескерткіш орта ғасырлар кезеңіндегі жерлеу ғұрпын сипаттайды.
Тас мүсіндердің нақты жасын анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет болғанымен, олардың түркі дәуіріндегі мәдени дәстүрлермен сабақтастығы байқалады, — дейді Меруерт Қиясбекқызы.
Неліктен бұл жәдігерлер ерекше құнды?
Археологтың айтуынша, ғылымда «құнсыз жәдігер» деген ұғым жоқ. Әрбір табылған зат немесе ескерткіш өткен дәуір туралы ақпарат береді. Десек те, Аққұдықтағы тас мүсіндердің өңір үшін құндылығы жоғары.
— Біріншіден, Солтүстік Қазақстан облысы аумағында тас мүсіндер өте аз кездеседі. Екіншіден, олар өңірдің ортағасырлық тарихын, көшпелі тайпалардың дүниетанымын және жерлеу дәстүрлерін зерттеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге дейін облыс аумағында белгілі болған тас мүсіндердің саны саусақпен санарлық, — дейді Меруерт Қиясбекқызы.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде екі тас мүсін сақталған. Оның бірі VII–VIII ғасырларға жатады және ер адамның бейнесін бейнелейді. Екіншісі IX ғасырдың ортасы мен XIII ғасырдың басы аралығына жатады.
Шал ақын ауданындағы Байқара қорымынан табылған антропоморфты стелла да өңірдегі сирек олжалардың бірі. Қазір ол облыстық тарихи-өлкетану музейінің Сергеевка қаласындағы Шалақын аудандық филиалында тұр.
— 2024 жылы Ақжар ауданында тағы бір тас мүсін анықталды. Қарашат қорғанынан табылған бұл жәдігер XI–XII ғасырларға жатады. Биіктігі шамамен 80 сантиметр болатын тас мүсінде адамның бет пішінінің белгілері сақталған.
Жалпы тас мүсіндердің сақталу деңгейі орташа-жақсы деуге болады. Табиғи факторлардың, кейде адами факторлардың әсерінен бүлініп, жоғалып кету қаупі де жоқ емес, — дейді археолог.
Тастағы таңбалар нені білдіреді?
Тас мүсіндер Қазақстанның көптеген өңірінде кездеседі. Олар әсіресе ежелгі түркі тайпалары мекендеген жерлерде — Жетісу, Орталық Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Түркістан облытарында жиі ұшырасады. Кей жерлерде олар жеке мүсін ретінде тұрса, кей өңірлерде бірнешеуі қатар қойылған кешендер кездеседі.
— Тас мүсіндердің ортақ белгілері: адам бейнесінде қашалып жасалады; көбіне ер адам бейнеленеді; қолында тостаған, қылыш немесе қару ұстап тұрады; марқұм болған батырға, көсемге немесе жауынгерге арналып қойылған; тас мүсіндердің беті шығысқа қаратылып орнатылады.
Ерекшеліктеріне келетін болсақ өңірге және дәуірге қарай айырмашылықтары болады: кейбір тас мүсіндер тым қарапайым ғана болса, кейбірі өте шебер нақышталған; әйел бейнесіндегі мүсіндер де кездеседі; Маңғыстаудағы тас мүсіндер мен Жетісудағы тас мүсіндердің стилі әртүрлі, кей ескертіштерде ру таңбалары мен көне жазулар бар, — дейді Меруерт Қиясбекқызы.
Кей жағдайларда бұғы, арқар немесе жылқы сияқты киелі жануарлардың бейнесі де кездеседі. Бұл көшпелі халықтардың табиғатпен байланысын және діни нанымдарын көрсетеді.
Балбал ма, әлде тас мүсін бе?
Көпшілік арасында мұндай ескерткіштерді «балбал тас» деп атау кең тараған. Алайда археологтардың айтуынша, бұл дұрыс емес. Ғылымда адам бейнесінде қашалған ескерткіштер «тас мүсін» деп аталады. Ал балбал — тас мүсіннің айналасына немесе ғұрыптық кешен маңына тізіліп қойылатын жеке тастар. «Балбал» деген баған, тас дегенді білдіреді. Тас мүсіндерді түркі тілінде «бәдіз» деп те айтылады. Бәдіз — тасқа қашалған сурет дегенді білдіреді. Кей деректерде бұл сөз «таңба», «белгі» ұғымдарымен де байланыстырылады.
— Тас мүсіндердің негізгі қызметі — марқұмды еске алу. Олар көбіне батырларға, билеушілерге, ру басыларына немесе қоғамда ерекше орны бар адамдарға арнап қойылған.
Сонымен қатар ежелгі түркілердің ата-баба рухына табыну дәстүрімен де байланысты болған.
— Жауынгерлік ерлікті көрсету, кей зерттеулерде әр балбал марқұмның өлтірген жауын білдіреді деген пікір бар. Сондықтан кей тас мүсіндердің немесе қорғандардың жанында бірнеше балбал тізіліп тұрады. Тағы бір түсінік бойынша, тас мүсіндер қасиетті орындарды қорғаушы белгі саналған, — дейді Меруерт Қиясбекқызы.
Тарихтың ашылмаған беттері
Солтүстік Қазақстан — тарихи ескерткіштерге бай өңір. 2022 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының Солтүстік Қазақстан филиалы ашылғанға дейін Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мен пайдалану орталығындағы тізімге 400 ден аса археологиялық ескерткіш тіркелген. 2023-2024 жылдары жүргізілген іздестіру-барлау жұмыстары нәтижесінде олардың саны 700-ден асты.
— Филиал ашылғанға дейін облыста археология болған жоқ, зерттелмеген деуден аулақпыз. 60 жылға жуық тарихы бар Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясында С. Я. Здановичтер, К. Акишев, М. Хабдулина, А. М. Кисленко, В. И. Заитов, О. И. Мартынюк, Д. А. Таиров, В. Ф. Зайберт, А. А. Плешаков, т. б. зерттеушілер барлау және қазба жұмыстарымен айналысып, Ботай, Байқара, Қызылоба, Ақтау, т. б. ескерткіштерді ашып, оларды тек елімізге ғана емес әлемге танытты. Бұл аймақтағы археологиялық мұралар еліміздің тарихын, мәдениетін, этногенезін зерттеуде аса маңызды рөл атқарады.
Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының Солтүстік Қазақстанда филиалын ашудағы мақсат — осы мұраларды жүйелі зерттеу, сақтау және ғылыми айналымға енгізу. Оның бәрі уақыт еншісінде, — дейді филиал директоры Меруерт Қиясбекқызы.
Қазір археологтар табылған ескерткіштерді жүйелеп, ғылыми сипаттамаларын әзірлеумен айналысып жатыр. Болашақта әр аудан бойынша археологиялық ескерткіштердің жинағы жарық көреді. Мұндай жұмыстар Уәлиханов ауданында да жалғасады.
— Мүмкін, алдағы зерттеулер бұл мүсіндердің кімдерге арналғанын, қандай тарихи оқиғалармен байланысты екенін анықтар. Бірақ бір нәрсе анық: Солтүстік Қазақстан даласы әлі де өз құпияларын толық ашқан жоқ, — дейді археолог.
Бұған дейін ортағасырлық Жанкент қалашығында археологиялық қазба жұмысы басталғанын жазған едік.