Бал ара шаруашылығында «омартаның ветеринариялық паспорты» енгізіледі

АСТАНА.KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бал ара шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

Фото: wikipedia.org

Құжат бал ара шаруашылығының тұрақты дамуына жағдай жасауға, аралардың генетикалық қорын сақтауға, ара шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты жетілдіруге бағытталған.

Заң жөнінде Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ислам Сұңқар баяндама жасап, өзгерістерді мен толықтыруларды таныстырды.

– Заң жобасында ұғымдық аппарат кеңейтіліп, «асыл тұқымды аналық бал арасы», «аталық бал арасы», «аспаптық ұрықтандыру пункті», «оқшауланған шағылыстыру пункті» сияқты жаңа терминдер мен анықтамалар енгізіледі. Бұл ұғымдар бал ара шаруашылығындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізеді және саланы құқықтық реттеуді біріздендіруге мүмкіндік береді, – деді ол.

Сонымен қатар, омарталарды және олардың жай-күйін жүйелі есепке алу, емдеу-профилактикалық шараларды уақытылы жүргізу, ара ауруларының таралуының алдын алу мақсатында «омартаның ветеринариялық паспорты» енгізіледі.

Ара өсірушілер арасында дау-дамайлардың туындауына жол бермеу және бал жинау қорын тиімді пайдалану мақсатында заң жобасында тұрақты және көшпелі омарталарды бір-бірінен кемінде бес шақырым қашықтықта орналастыру нормасы көзделген.

Сондай-ақ, бал аралардың тұқымдарын сақтау және олардың өнімділігін арттыру үшін оқшауланған шағылыстыру пункттерінің қызметіне қойылатын талаптар белгіленеді. Атап айтқанда, селекциялық процеске қатыспайтын аталық бал арасы бар бал ара ұяларын әкелуге тыйым салынатын қорғау аймағы айқындалады.

Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың құзыреті араларды қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында ғылыми зерттеулер мен жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу бөлігінде кеңейтіледі. Бұл саланы өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып ғылыми тұрғыдан сүйемелдеуге мүмкіндік береді.

– Асыл тұқымды мал шаруашылығы бөлігінде заң жобасында селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстарға, сондай-ақ асыл тұқымды жануарларды бонитирлеу және (немесе) индекстік бағалау қызметтерінің сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту көзделген. Осыған байланысты асыл тұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекторларға тиісті өкілеттіктер беріледі. Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау тек бюджеттік субсидия алатын субъектілердің есепке алу және есептілік жүргізу мәселелерімен шектеледі, – деді Ислам Сұңқар.

Сонымен қатар, жануарлардың барлық түрлері бойынша республикалық палаталардың қызметі үшін хабарлама тәртібі енгізіледі. Бұл олардың қызметін жүйелеуге және сапасын арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ара шаруашылығын қалай дамытуға болатынын жазғанбыз.