Балабақшада қаза болған сәбидің ата-анасы мен «Тойота Лэнд Крузер» жүргізушісінің арасында процессуалды келісім жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Әуезов аудандық сотында балабақшада 5 жасар бүлдіршінді басып кеткен «Тойота Лэнд Крузер» жүргізушісі Татьяна Семченкоға қатысты сот отырысы өтті.

Семченконың қорғаушысы судьяға айыпталушының денсаулығына байланысты бас бостандығынан айырмай басқаша жаза қолдануды сұрап өтініш жазды. Татьяна Семченко қатерлі ісік дертінің 3-4 кезеңінде екен.

Осыған байланысты қос тарап арасында процессуалды келісім жасалды.

Судья Бақытжан Исенов ҚР ҚК 623-бабына сәйкес аталған келісімді қарап шешім шығару үшін келесі сот отырысын 13 тамызға ауыстырды.

Айта кетейік, төтенше жағдай 20 мамырда болған еді. «Тойота Лэнд Крузер» көлігі №58 балабақшаның шарбағына соғылып, аула ішіндегі үйшікті қиратқан болатын. Сол сәтте алаңда ойнап жүрген 5 жастағы балдырған қыз көз жұмды, сегіз бүлдіршін ауруханаға жеткізілді, олардың екеуі жансақтау бөліміне түсті.