«Балабақшаға да бәсеке керек» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 қыркүйек, сейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қостанай облысы өңірінде урбанизация, ішкі көші-қон тоқтаған жоқ. Қостанай қаласының халқы жыл өткен сайын көбейіп келеді. Жастар жағы оқу бітірген соң ауылдан гөрі қаланы қолай көретіні мәлім. Сондықтан болар, бұрнағы жылдарға қарағанда, қалада бала туу деңгейі жаман емес, кеміген жоқ. Балабақша мәселесінің өзектілігі күн тәртібінен түсетін емес. Жалпы, облыс орта­лығында бүлдіршіндердің 92 пайызы мектепке дейінгі мекемелердің барлық түрімен қамтылған. Есеп осылай берілсе де, Қостанай облысының аудандары мен қалаларын айтпағанда, тек Қостанай қаласының өзінде 4 300 бүлдіршін балабақшаға кезек күтіп отыр. Соңғы жылдары облыста жеке секторды білім саласының осы тармағына тартуда біршама іс біткен сыңайлы. 2011-2014 жылдары ашылған жекеменшік балабақшалар 1983 бала қабылдады. Олар қазір мемлекеттік тапсырманы, «Балапан» бағдарламасын орындап отыр. Тіпті, соңғы кезде облыс орталығында саны жөнінен жекеменшік балабақшалар алға шықты. Қостанай қаласында қазір мемлекеттік - 23, жекеменшік 28 балабақша жұмыс істеп тұр.

- Дегенмен, ата-аналар әлі де мемлекеттік балабақшаға сенім артады. Олар бюджеттік мекемеде уақытында бақылау, қолдау болады деп сенеді. Бағасына да тәуелді. Алайда, бағдарлама мемлекеттік пен жекеменшік балабақшалар үшін бірдей, - дейді Қостанай қалалық білім бөлімі мектепке дейінгі білім орталығының меңгерушісі Людмила Кожевина. Мектепке дейінгі білім беру мәселесін көтерген бұл көлемді мақала «Балабақшаға да бәсеке керек» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінде тәртіптік кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Онда бірқатар мемлекеттік лауазымдағы басшыларға қатысты тәртіптік істер қаралды. Бұл туралы бас басылым «Ауыл әкімдері абыройды төге бере ме?» атты мақаласында толық жазған. Кеңесті Ақмола облыстық тәртіптік кеңестің төрағасы Қуаныш Жапақов ашып, жүргізіп отырды. Ол ең алдымен тәртіптік кеңестің жұмысы барысында облысымыздағы мемлекеттік органдарда мемлекеттік сатып алу бойынша байқау өткізу процедуралары, Ар-намыс кодексін сақтау бойынша бірқатар заң бұзушылыққа жиі жол берілетіні жайлы қысқаша мәлімдеме жасап, қолданылған шаралардың нәтижесін баяндады.

Бұдан кейін Целиноград ауданының Қараөткел ауылдық округінің әкімі А.Қонбайға, Талапкер ауылдық округінің әкімі Н.Мұзамеловқа, Максимов ауылдық округінің әкімі С.Жұмабаевқа қатысты тәртіптік іс қаралды. Тәртіптік кеңесте айтылғандай, бұл әкімдер мемлекеттік сатып алу бойынша байқау өткізу процедуралары барысында аталған заң нормаларын дұрыс қолданбай, мемлекеттік сатып алу туралы шешім қабылдағанда, әлеуетті өнім берушілерге олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруда кедергi келтірген.

Сонымен қатар, кеңесте қызметтік автокөлікті масаң күйінде жүргізген, яғни Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексін бұзған Еңбекшілдер аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Н.Рақымжанов, Есіл аудандық аймақтық инспекциясының басшысы Ж.Ахметбеков және Аршалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы И.Ратушняктің тәртібі қаралып, тиісті шешімдер шығарылды.

Сондай-ақ, кеңес мүшелерінің қарауына берілген қосымша материалдар негізінде анықталғанындай, алғашқы екеу, яғни Н.Рақымжанов пен Ж.Ахметбеков демалыс күндері мемлекеттік көлікті өз мақсаттары үшін пайдаланғандары белгілі болды. Ал И.Ратушняк болса, мемлекеттік «ВАЗ» көлігімен ішімдік ішіп алып, жол-көлік апатына ұшыраған.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Ресейдегі Кемерово облыстық әкімшілігі қызметкерлері соңғы кездері жаппай кітап оқуға кірісіпті. Шенеуніктер қазақстандық тарихшы Ирина Ерофееваның «Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675 - 1821 годов» атты екі томдық тарихи құжаттар жинағын оқу үшін кезекке жазылып жатқан көрінеді. Кітаппен бірінші болып Кемерово облысының губернаторы Амангелді Төлеев танысыпты. Бұл тарихи кітапты жазуға Ирина Ерофеева өмірінің 17 жылын арнаған. Екі томдық жинаққа 150 жыл ішін­дегі қазақ хандарының жазған хаттары кірген. Тарихшы қазақ хан­дары, сұлтандарының Ресей импе­риясының шенеуніктері мен шығыс елдеріне жазған 811 хатын жинап, аударып, 250 мәтіннің түпнұсқаларын осы кітапқа енгізіпті. Қазақстандық тарихшы Ирина Ерофееваның мұндай табанды еңбегіне риза болған губернатор Амангелді Төлеев «Ерен еңбегі үшін XXI ғасырдағы қазақ­стандық тарихшыға Кузбасс сыйлығының лауреаты» атағын беру керек деген шешім қабылдаған. Өткен аптаның аяғында Алма­тыдағы Ұлттық кітапханада Ирина Ерофееваға таза күмістен жасалған, Кемерово облысының контуры бедерленген төсбелгі табысталды. Бұл құрмет белгісін Кемерово облы­сының губернаторы Амангелді Тө­леевтің көмекшісі Людмила По­ли­канова Кузбасс жерінен арнайы са­пармен келіп, тарихшының төсіне тақты. Бұл жайында « Губернатор қазақ тарихын оқуға шақырды» атты мақалада толық берілген.

Осы басылымда «Сингапурлық» үлгіні жерсіндіре аламыз ба?» деген мақала жарияланды. Мемлекеттік қызметке шетелдіктерді тарту туралы осыған дейін пікірталас деңгейінде айтылып келген ұсынысқа енді нүкте қойылатын болды. Парламенттің төменгі палатасының кезекті отырысында «Мемлекеттік қызмет пен үкіметке шетелдік мамандарды тарту» туралы заң жобасын мақұлдады. Ал Мемлекеттік қызметтер және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров соңғы шешімді ұлттық комиссия қабылдайтынын кесіп айтты.

Шетелдік мамандар тек басшы­лық қызметке ғана келеді. «Мем­лекеттік құрылымдарда бір басқар­маны басқару үшін «үміткер» 3 жыл бойы қатардағы қызметкер болып жұмыс істеуі керек. Сосын барып келесі деңгейге өтеді» деген жалпыға бірдей міндет шетелдік әріптес­теріміз үшін маңызды емес. Дәл осындай заң жобасын былтыр Чехия мен Словенияда қабылдаған. Ал 2015 жылдың мамыр айында Украинада Одесса облысының губернаторы болып Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили сайланды. Қайрат Қожамжаровтың ұсынысы біздің қоғам үшін жаңалық емес. Себебі, шілде айында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мемлекеттік қызмет туралы заң рұқ­сат етсе, министрліктің бірқатар бө­лімдері мен комитеттеріне шет­елдік мамандарды тартуды қолдайтынын айтқан. ***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Тарих-и Рашиди» -деректемелік құндылығы зор еңбек » атты көлемді мақала жарық көрді. Үстіміздегі жылы республика жұртшылығы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын кеңінен атап өтуде. Хандықтың 1465 жылы құрылғаны туралы нақты деректің Мұхаммед Қайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде аталатыны туралы ғылыми жұртшылық жақсы біледі. Моғолстанның екі жүз жылдық тарихын баяндайтын «Тарих-и Рашиди» екі дәптерден тұрады. Бірінші дәптерде - 70 тарау, ал екінші дәптерде - 117 тарау бар. М.Қайдардың өзі жазғандай, бірінші дәптердің 17 тарауы түгелдей Шарафеддин Әли Иәздидің «Зафарнама» (Жеңіс кітабы) атты еңбегінен алынған. Сондай-ақ екінші дәптердің жекелеген тараулары Жовейнидің «Тарих-е-Жаһангошай» (Әлемді жаулап алушының тарихынан) кітабынан алынғаны айтылады. Автор өзі пайдаланған еңбектер қатарында Иәзди мен Жовейнидің жоғарыда аталған шығармаларын, Рашид ад-Дин Фазлоллаһтың «Жәми-ат-тауарих» (Жалпы тарих) атты еңбегін, Һамдолла Мостуфидің «Тарих-е Гозиде» (Таңдаулы тарих) атты туындысын, Маулана Абдол Рәззақтың «Тарих-и Мәнзум», Ұлықбектің Ұлыс әрбәғ-е (Төрт ұлыс) еңбектерін атайды. Автордың Зәһиреддин Мұхаммед Бабырдың «Бабырнама» туындысын оқып, «Тарих-и Рашиди» кітабын жазуға кіріскен һәм ол шығармадан пайдаланғаны анық.

Мұхаммед Қайдар бабамыздың бұл еңбегі қазақ тіліне тұңғыш рет белгілі шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей тарапынан аударылып, 2003 жылы Алматыда басылып шықты. Ислам Жеменейдің аталмыш шығарманың парсы тіліндегі араб графикалы басылымы бойынша жасаған текстологиялық еңбегі Тараз қаласында 2014 жылы баспа жүзін көрген болатын. М.Қ.Дулат еңбегі үстіміздегі жылы жаңа басылымда даярланып, оқырман назарына ұсынылып отыр. Осы жайында толық білгіңіз келсе, мақаланы қарап шығыңыз.