Балаға құр «Кітап оқы!» дей беруден еш нәтиже шықпайды – кітапханашы

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстанда алғаш рет кітапханашылар күні атап өтілуде. 24 қазанға бекітілген бұл кәсіби мерекенің маңыздылығы зор. Себебі руханият ордасында жұмыс істейтін кітапханашылар өскелең ұрпақты білімге тарту үшін аянбай еңбек етуде. Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбековамен жолығып, интернеттің дәргейі жүріп тұрған мына заманда жастарды кітапқа қалай баулу керектігі жайлы сұрап көрді.

- Әңгімемізді өзіңіздің осы салаға қалай келгеніңізден бастасақ...

- Мектеп бітіргенде актриса болғым келіп, оқуға түсу үшін Ресейге де барып келгенім бар. Бірақ сәті келмеген соң Семейде кітапханашы мамандығын оқып шықтым. Еңбек өтілім 1978 жылы Катонқарағай ауылындағы кітапханада басталды. Осы Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада тер төгіп келе жатқаныма 20 жылға жуық уақыт болды. Еш өкініш жоқ. Керісінше өмірлік жолымның осылай өрбігеніне қуанамын. Актерлік шеберлікті қазіргі жұмыста да қолданатын сәттер болады. Мысалы, балалармен түрлі қойылымдар қойып, оларға ертегі оқыған кезде. Арасында 15 жылдай балабақшада тәрбиеші болған едім. Соның да пайдасы тиіп жатады. Балақайлармен қалай жұмыс істеуді, тілдерін қалай табуды меңгердік.


- Биыл ресми түрде 24 қазан - кітапханашылар күні болып бекітілді. Бұл мерекенің сіз үшін маңыздылығы қандай?

- Кәсіби мерекеміздің бекітілуін ұзақ күттік. Әйтеуір, осы жылы бұл тілегіміз орындалды. Мереке бірінші кезекте кітапханашылар еңбегінің еленуі, одан кейін бұл салаға жастарды тарту үшін қажет.

- Қазіргі заман кітапханасы қандай болуы керек?

- Уақыт өткен сайын кітапхана да өзгереді. Себебі біз заман тынысына сай болуымыз керек. Қазіргі технология дамыған дәуірде кітапханаға білікті бағдарламашылар қажет-ақ. Одан соң білімді тіл мамандарын, түрлі үйірме жетекшілерін жұмысқа тартқан абзал. Кітапханаға талабы зор жас мамандар келеді. Алайда бір өкініштісі, олардың барлығына еңбек кітапшасына лауазымы бағдарламашы немесе режиссер деп емес, кітапханашы деп жазылады. Осының салдарынан өз саласында тәжірибе жинағысы келетін жастар басқа жұмысқа ауысып кетіп жатады. Сондықтан жүйеге өзгеріс енгізіп, қызметкерлердің еңбек өтілін атқаратын жұмысына сәйкес жазса дұрыс болар еді.


Кітапхана тек кітап алатын орын болмауы тиіс. Осында балаларға, жастарға қажетті сан алуан үйірме жұмыс істеуі қажет. Бұл мақсатта біз биыл «IT ARU»» мектебін аштық. IT саласына қызығушылық танытқан қыздар 3D-үлгілеу, 3D Home Design - интерьер-локацияны үлгілеу, digital fashion (сандық киім үлгілері) және VR-қосымша жасауды тегін үйренуде. Оған 12-17 жас аралығындағы арулар жазыла алады.

Кітапханада 10-нан астам үйірме бар. Соның бірі – VR-киіз үйі. Ерекшелігі сол, заманауи технологияның көмегімен әлемнің кез-келген жеріне саяхат жасауға болады. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ерекше тиімді. Алғашында бізде тек VR көзілдірігі болды. Кейін арнайы бағдарлама арқылы түрлі көрініс жасай бастадық. Мақсатымыз – оқырманға сүйікті кітаптарындағы кейіпкерлердің бейнесін осы құрылғы арқылы көрсету. Осылайша жастардың кітап оқуға деген ынтасын ояту. Оралхан Бөкей, Мұхтар Әуезов және Шерхан Мұртазаның үстел басында әңгімелесіп отырғанын да бейнеледік.

Кітапхананың міндетті түрде жеке сайты болуы керек. Біздің оқырмандарымыз bokeylibrary.kz сайты арқылы қалаған кітабына тапсырыс бере отырып, онлайн түрде уақытын да ұзарта алады. Оның ішінде bokey.kz-ке кіріп, тек Оралхан Бөкейге қатысты материалдарды онлайн оқуға болады. Сонымен қатар bokeyMobil қосымшасы да іске қосылған.


- Оралхан Бөкейдің атын өшірмей, шығармашылығын насихаттау үшін қандай шаралар атқарылуда?

- Біз Қазақстан бойынша Алтайдың кербұғысы атанған Оралхан Бөкейдің есімі берілген жалғыз кітапханамыз. Жыл сайын жазушының құрметіне түрлі шаралар, көрмелер өткізіп тұрамыз. Мәселен, биыл Оралхан Бөкейдің 79 жылдығына орай «Ауыл хикаялары» атты тұңғыш республикалық әдеби байқау ұйымдастырылды. Байқаудың осылай аталуының да өзіндік мәні бар. Жазушының бұл шығармасында ауылдың тыныс-тіршілігі боямасыз сипатталады.

Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Павлодар облыстары мен Астана қаласынан 30-дан астам шығарма келіп түсті. Әділқазылар алқасының шешімімен 1-орынды – «Аран» атты әңгімесімен Қуат Қиықбай (Абай облысы) алды. 2-орынды – «Аққұмдағы хикая» әңгімесімен Бақыт Жалиева (Ақтөбе облысы) иеленді. Ал 3-орынға – «Үкілеген үміт» атты әңгімесімен Ақиқат Сәрсембаев (Өскемен қаласы) ие болды. Келер жылы Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толмақ. Сол кезде ерекше шаралар өткізгіміз келеді.


- Кітапханада қанша кітап қоры бар? Кітаптар қаншалықты жиі жаңарып тұрады?

- Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың қала бойынша 13 бөлімшесі бар. Ондағы кітаптар саны – 206 мың, соның ішінде қазақ тілдісі – 65 мың. Жыл сайын кітап корын толықтыруға 9 млн теңге бөлінеді. Бұған 2500-ге жуық кітап сатып алынады.

Өскемендегі Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Қазір халық саны жағынан да бұл қаладағы ең үлкен аудан. Алайда онда жалпы аумағы 18 шаршы метрді құрайтын аядай бір кітапхана ғана тұр. Бұл жаққа үлкен жеке кітапхана салу керек деп ойлаймын.

Алдағы уақытта жылжымалы кітапхана ашқымыз келеді. Ойлағанымыз іске асса жүк көлігінің ішін компьютер сынды қажетті техникамен, түрлі кітаптармен толтырып, көшелерді, үйлерді аралайтын едік. Қазір кітапхана қызметкерлері техниканың тілін білмейтін қарттарға egov.kz порталы арқылы қажетті құжаттарды жүктеуге, түрлі қызметтерді алуға көмек көрсетуде. Қала іргесіндегі көшелерде тұратын зейнеткерлерге бізге келуге біраз уақыт кетеді. Жылжымалы кітапханамыз болса оларға өзіміз баратын едік.

- Балаларды кітапқа баулудың жолдары қандай?

- Қазір балаға құр «Кітап оқы!» дей беруден еш нәтиже шықпайды. Оларды тек қызықтыру керек. Мәселен, мұғалімдер оқушыларын жинап кітапханаға алып келеді. Сол кезде біз балаларға «Сендерге мультфильм көрген ұнай ма?» дейміз. Барлығы бірауыздан «Иә» дейді. «Ал өздерің мультфильм жасағыларың келе ме?» деп сұраймыз. Бұндайды күтпеген оқушылар «Әрине» деп бастарын изейді. Содан соң кітапханамыздағы мультстудияға апарамыз. Бір ертегіні немесе әңгімені таңдап, балаларды рөлдерге бөлеміз. «Енді әркім өз рөлін жақсы білуі үшін, сол кітапты оқып алуымыз керек қой» дейміз. Осы кезде оқушылар шын ниетпен әлгі кітапты таласып тұрып оқиды. Міне, осындай әдістер арқылы оқушыларды кітапқа баулуымыз қажет.

- Әңгімеңізге көп рахмет!