«Балалар үйі басқаша құрылады» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 26 маусым, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Елбасы Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысып, сондай-ақ облыстағы бірқатар әлеуметтік және индустриялық-инновациялық нысандарды аралады. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Шырайы шуақ шашқан Шығыс» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, Елбасы алдымен облыстық Ана мен бала орталығына барды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға зор мән беріп отырғанын, соның арқасында ана мен бала өлімі азайғаны, өмір сүру ұзақтығы артқаны байқалғанын атап өтті. Қазіргі уақытта қабылданған шаралар дені сау ұлтты қалыптастыруға ықпал ететініне тоқталды. «Мемлекет адамдардың денсаулығын жақсартуға, денсаулық сақтау саласын дамытуға күнделікті қамқорлық жасап келеді. Соның нәтижесінде елімізде ана мен бала өлімі кеми түсуде. Тіпті экологиясы аса күрделі Шығыста да орташа өмір сүру жасы ұлғайды. Қазір елімізде жүрек сырқаттарын емдеуде Батыстың озық технологиясы қолданылуда, жүрекке операция жасаудың аса күрделі түрін отандық дәрігерлер кеңінен қолданып жүр», - деді Мемлекет басшысы.

Астанада осы күзде Қазақстан және Ресей мәдениет қайраткерлерінің кездесуі өтеді. Оған ресейлік белгілі қаламгер Валерий Ганичев те қатыспақ ойда. Осы оқиғаның қарсаңында жазушымен белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов әңгімелесіп қайтқан болатын. Осы сұхбат басылымның бүгінгі санында «Жаңа Ресейге сенімімді жоғалтпаймын» деген тақырыппен берілген. Қаламгер өзіне қойылған барлық сауалға тұщымды жауап бере келе: «Мен қазақтың көптеген жазушыларымен тікелей таныс болдым. Әуезовтің, Нұрпейісовтің тамаша шығармаларын жақсы білемін. «Молодая гвардияда» Кекілбаевтың кітабы басылған. Шолоховпен Вешенскаядағы кездесуге ол кезде жап-жас Олжас Сүлейменов қатысқан еді. Олжастың даңқы дүрілдеп, аты аспандап тұрған кезі. Ол Евтушенко, Вознесенский, Рождественский сияқты ақындармен бір қатарда болатын. Рас, оның қазір онша еске түсіргім келмейтін «Аз и Я» деген кітабы да бар. Ол өзі ресми көзқарас тұрғысымен онша үйлесе бермейтін, бәлкім, бірқатар фактілері ашылмаған кітап. Дегенмен, қызғылықты болатын. Дәл сол кезде Гумилев те отандық тарихтағы Даланың рөлі деген мәселеге назар салып жатты ғой», - дейді.


***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстан жетімханасы жоқ елге айнала алады. Бұл үшін Үкімет, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, ондағы балаларды отбасыларға орналастыру бағытында салмақты жұмыс жүргізуі қажет. Мәжілісте өткен кешегі жиында дағдарысқа ұшыраған отбасылармен жұмыс жасап, ондағы балалардың балалар үйлеріне түсуін болдырмау ұсынылды. «Өйткені Бас прокуратураның дерегінше, Қазақстанда балалар үйлеріндегі 10 тәрбиеленушінің 8-інің ата-аналары тірі көрінеді. Бір ғажабы, мемлекет ондай балаларды туған отбасыларына қайтаруға ендігі белсене кірісіпті. Нақты нәтижесі де осы жиында жарияланды»,- деп жазады басылым. Мақала «Балалар үйі басқаша құрылады» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда «Алтын арзандап, күміс қымбаттады» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, үстіміздегі жылдың басынан бері қарай алтынның бағасы 22 пайызға арзандаған. Тәуелсіз сарапшылар мұны АҚШ-тың ынталандыру көлемін төмендетуге бағытталған қаржы саясатының нәтижесі деп түсіндіруде. «Тіпті алтын десе, ішкен асын жерге қоятын үндістандықтардың өзі кедендік салық көлемі өскен соң ба, әйтеуір қазіргі кезде базардағы бағалы металға тек көз қиығын салып, өте шығуда. Өткен жылдың соңына қарай алтынды жаппай сатып алумен көзге түскен Қытай да алтынға тойып қалғанын байқатып отыр. Биылғы маусым айында Қытайдың алтын өндірудегі қарқыны қатты қысқарған. Үндістан үкіметі болса, импорт алтынның елге келуін шектеп, өз алтын бұйымдарына жол ашпақшы. Бұл ел 2013 жылдың қаңтар айында импорт алтынға салынатын салықты 4-тен 6 пайызға дейін көтеру туралы мәлімдеген болатын. Сарапшылардың айтуынша, бұл аңдысын аңдымай қалған қимыл болды. Өйткені биылғы сәуір айындағы халықаралық нарықта алтын бағасының құлдырауы үндістандықтардың тұтынушылық қабілетіне екпін беріп жіберді де, тұтынушылар импорт алтынға салынатын салықтың көтерілгеніне қарамастан, оны сыпырып сатып ала бастаған. Әйтсе де, қашанғы ала берсін, бүгіндері олар қажет алтындарын сатып алып біткенге ұқсайды. Нәтижесінде үндістандық алтын өтпей, сөрелерде сарғайып жатып қалуда», - деп жазады басылым.