***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Астанада ЭКСПО-2017 көрме кешенінің үздік эскиз-идеясы Халықаралық архитектуралық конкурсының қорытындысы жарияланды. Америкалық жоба жеңімпаз атанды. Естеріңізде болса, осыдан бір аптадай бұрын, яғни 16 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық және оны өткізу мәселелері жөнінде кеңес болып, онда көрме кешенінің архитектуралық эскизі мақұлданған еді. Ал кешегі баспасөз мәслихатында бәйгеде бәсі биік болып, бағы жанған Adrian Smith Gordon Gill Architecture компаниясының архитектуралық эскизі таныстырылды. Adrian Smith Gordon Gill Architecture компаниясының сәулетшілері ЭКСПО нысандарының орналасуы және ауданы бойынша алдын ала мәліметтерді ұсынып, эскиз-жобада орналасқан көрме аумағындағы негізгі павильондарды жеке-жеке әңгімеледі. ЭКСПО өтетін алаңның жалпы аумағы - 173,4 гектарды құрайтыны бұған дейін де айтылған. Оның ішінде 25 гектары көрме кешенінің өзіне тиесілі болса, 148 гектар аумақта тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік-мәдени, білім және денсаулық сақтау нысандары, сауда және ойын-сауық орталықтары, саябақтар, гүлзарлар, жолдар орналасады. Көрме павильондарының болжамды ауданы - 118620, ал қызмет көрсету аймақтары 95 400 шаршы метрді құрайды деп белгіленіп отыр. Сондай-ақ, тұрғын үй алаңы - 586 465 шаршы метр. ЭКСПО қалашығын құру Есіл ауданында, Қабанбай батыр, Хусеин бен Талал, Орынбор және Рысқұлов көшелері мен даңғылдарының тоғысында орналасады деп жоспарланған. Бұл жайында «ЭКСПО-2017: Эмблема бар. Эскиз бекіді. Іске сәт!» деген мақаладан оқи аласыздар.
Бас басылымда «Ширек финалдық шайқастар шеңбері анықталды» атты мақала жарияланды. Кеше Алматыда өтіп жатқан бокстан XVII әлем чемпионатының 1/8 финалдық жекпе-жектері аяқталып, ширек финалға шыққан 80 боксшының аты-жөндері белгілі болды. Бүгін осылардың тағы тең жартысы қысқарып, чемпионаттың жүлдесін алатын 40 боксшының есімдері анықталады. «Біз мұның алдындағы болып өткен 1/8 финалдық айқастың бірінші күнінде шаршы алаңға шыққан 5 боксшымыздың 4-і қарсыластарын жеңіп, ширек финалға жолдама алғанын айтқан едік. Бұл күні біздің қатардан тек Антон Пинчук қана сәтсіздікке ұшырады. Ал кеше келесі кезеңге жол тартқандар қатарын тағы 5 боксшымыз толықтырды. Мұның есесіне, Кубаның екі бірдей үкілі үміті жарыс жолынан шығып қалды»,-деп жазады газет. Олардың біріншісі - аса ауыр салмақтағы Йоханди Ортега күндізгі сессияда болып өткен ресейлік Магомед Омаровпен айқасын 0:3 есебімен бітірді. Ал кешкі сессияда аса жеңіл салмақтағы Герардо Тежериа уэльстік тарлан Эндрю Сельбиге дәл осындай есеппен есе жіберіп алды.
***
«Еліміздегі кәсіпкерлік нысандарына құзырлы органдар тарапынан жыл сайын шамамен 100 мыңдай тексеру жүргізіледі екен. Ағымдағы жылдың өзінде оның 10 мыңдайы тиісті заң талаптарын бұза отырып іске асырылғаны анықталды. Ал 2 мыңнан астам тексеру заңға мүлде қайшы болғандықтан прокуратураның араласуы нәтижесінде тоқтатылған. Осындай оспадарсыздықтан кейін кәсіпкердің ісі қайбір оңсын?! Таяуда Үкіметтің құрамымен өткізген кеңесінде Елбасы Н.Назарбаевтың барша тексеруші органдарға қарата айтқан реніші мен сыны әлгіндей белден басқан әрекеттерден салдарынан туындағаны түсінікті»,-деп жазады «Айқын» газеті «Бизнестің қаржысын бас пайдасына жарататындар бар» деген мақаласында. Кеше елордада Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасының бизнесті қорғау жөніндегі тапсырмасына орай баспасөз мәслихатын өткізген Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов пен Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғарин тоғыз айда атқарған жұмыстарымен таныстырды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына жауапты Өңірлік даму министрлігі өкілінің мәлімдеуінше, мемлекет тарапынан қолға алынған шараға 36 мыңнан астам кәсіпкер тартылып, 58 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылыпты. Сондай-ақ 170 мың жұмыс орнын қысқартпай сақтап қалуға мүмкіндік туған. Әрине, ол үшін кәсіпкерлер ұсынған 3376 жобаны субсидиялауға қазынадан 810 млрд 400 млн теңге жұмсалыпты.Ісін жаңадан бастаған 137 азаматқа 408 млн теңге көлемінде грант таратылған. Бұл бағдарлама басталғаннан бергі нәтиже. Ал ағымдағы 9 айда 55,5 млрд теңге 496 жобаны қаржыландыру үшін ұсынылып отыр. 113 жобаға кепілдеме беру үшін 2,5 млрд теңге тағы да бөлінген.
Осы басылымда «Балалар үйінен бас тартамыз ба?» деген мақала берілген. Қазақстан «детдомдардан» бас тарту жолына түсті. «Бала жанұяда өмір сүруге тиіс» деген ұранмен ілгерілеген бұл қозғалысқа Мәжіліс депутаты, палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева қолдау көрсетуде. Кеше ол осы бастаманы жүзеге асыруға тартылған қоғамдық ұйымдарды және меморгандар өкілдерін кезекті рет жиып, ақыл құрды. Жетім балаларды отбасыларға орналастыруға мықтап ден қойған мемлекет те жыл сайын балалар үйлерінің санын қысқартуда. Әйткенмен, кеше алаңдатарлық басқа мәлімет айтылды: жеке меншік балалар үйлері қаптауда екен. «Отбасы Академиясы» отбасын кешенді қолдау орталығының» директоры Шолпан Байболова Алматы облысындағы тек Талғар қаласында ғана бүгінде 5 жекеменшік балалар үйі барлығын хабарлады. «Олардағы балалар саны өте көп. Мысалға, Софроний әкейдің приютында («Обитель милосердияда») ғана 150 бала бар. Бұл шынында, нағыз нонсенс. «Нұр» балалар үйінде шамамен 100, ал, «Ковчевте» 60 бала тәрбиеленуде. Бұлардың барлығы жеке меншіктегі мекемелер» деген қоғамдық қор жетекшісі бұлардың жаңа тәрбиеленушілермен толығуына тосқауыл қоюдың жолын ұсынды. Бұл жолды көптеген дамыған мемлекеттер ұстанады және ол ендігі қалыптасқан отбасыларды ыдыратпай, сақтап қалуды қарастырады: - Қиындыққа ұшыраған отбасыға дер кезінде, яғни, дағдарыстың ерте кезеңінде көмек көрсетілсе, онда балалардың интернаттық мекемелерге түсу қатері азаяды және осылайша, «әлеуметтік жетімдіктің» алдын алуға болады. Демек, мемлекеттің негізгі шығыны алдын алу қызметтеріне бағытталуға тиісті, - дейді Ш.Байболова.
***
«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Мектеп - ұстаздар мен оқушыларды бопсалау орнына айналып кеткен жоқ па?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Мектеп - білім ордасы ғана емес, ақша жинау орталығы сияқты. Мұғалімдерден де, оқушылардан да оқу жылы аяқталғанша бірнеше мәрте ақша жинайтындардың әрекетін бүкіл халық біліп отырса да, жағдайдың оңалар түрі жоқ, себебі мұғалімдер ашық айтайын десе жұмыссыз қалудан қорқады, ата-аналар айтайын десе, балаларының абыройын ойлайды.
Мұғалімдерден мектептің ақша жинайтынын өз басым өзгелерден естіп қана қоймай, бала кезден көріп келем. Бір әулетімізде төрт - бес мұғалім бар екенін айтпағанда, өз анамның 25 жылдан артық уақыт ұстаздық етіп келе жатқан тәжірибесі бар. Есімді біле бастағаннан «КРУ келе жатыр» дегенді мұғалім апа, жеңгелерім мен анамнан «бөки келе жатыр» дегендей шошына еститінмін. Себебі мектепке «КРУ» келсе, мұғалімдерден ақша жинау басталады. Кейіннен білдім, әлгі «КРУ» дегені бақылау-тексеру басқармасынан мектепке келіп тексерушілер екен. Айлығы-шайлығына жетпейтін мұғалімдердің 50-60 мың теңге жалақысының 10-15 мыңын, тіпті кей кездері мектеп басшылары өздері белгілеп алған еңбекақының белгілі пайыздық мөлшерін санап тұрып, «тартып» алатынын көрдік. Тексерушілердің қалта-қалтасына мың-мыңдап долларды тықпалап, ауыздарына дәмдерін тосып, қонақ келгендей күтіп жіберетінін қайтесіз»,-деп жазады мақала авторы. Олар бір мектепте бірнеше күн тексеру жүргізсе, әр күнді мұғалімдер бөліп алып, дастарқан жайып шығарып салады. Мектепке оқулық ұстап барудың орнына ыдыс аяқтары мен тамақтарын таситын ұстаздар қауымы мұндай сұмдықты біреуге тіс жарып айтудан қорқады.
Осы басылымдағы «Алашты алаңдатқан сауал» айдарында «Қала базарларын халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті орындауға міндеттеу керек пе?» деген мәселе көтерілген. Осы көкейкесті проблемаға орай бірқатар мамандардың пікірлері ұсынылып отыр.