Балқаш көлінде суға батып бара жатқан қайықтан 15 астаналық тұрғын құтқарылды

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Кеше сағат 16.25-те Приозерск қаласының оңтүстік-батысында 18-20 шақырым жерде Балқаш көлінде «Сеера-БРЕЗА-26» моторлы қайықтың батып бара жатқаны туралы

ҚР ТЖМ Қарағанды облыстық ТЖД Приозерск қалалық ТЖБ бастығынан шұғыл хабар түскен. Қайықта серуендеген 15 адам Астана қаласының тұрғындары болып шықты.

Ауа райы қолайсыз (батыстан соққан желдің екпіні секундына 12-15 метрді құрады) болғандықтан, Приозерск қаласының суда құтқару қызметі мен ТЖБ қызметкерлері оқиға орнына жете алмаған. Сондықтан серуендеушілерді қауіпсіз жерге шығару үшін апат орнына «Амбасадор» моторлы қайығы жөнелтіліп, іс-әрекетті үйлестіру мақсатында Приозерск қаласындағы РФ ҚМ 03080 әскери бөлімінен тікұшақ шықты. Құтқару жұмыстарына «Қазавиақұтқару» АҚ да әзірленді.

Сағат 17.04-те «Амбасадор» моторлы қайығы апат орнына жетіп, 15 адам аман-есен жағалауға жеткізілді.