Балқаш ЖЭС-і еліміздің оңтүстік өңірін түгел электр энергиясымен қамтамасыз етеді - Елбасы

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Президенті Ли Мён Бак Балқаш Жылу электр стансысының құрылысына рұқсат береді.

Бұл туралы бүгін Ақордада болған келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті мәлім етті.

«Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак мырзаның бұл сапары барысында өткен жылдары қол жеткізілген Балқаш жылу электр стансысының құрылысын бүгін бастаймыз. Яғни, оның құрылысына рұқсат береміз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

«Қазақстанның Оңтүстік өңірін түгел электр энергиясымен қамтамасыз ету, Алматы облысының экономикасын көтеру қарастырылған. Бұл электр стансысы біз үшін өте қажет», - деді Н. Назарбаев.

Осы орайдада Президент барлық жобалық жұмыстар атқарылғанын, сондай-ақ бұл жобада үздік «жасыл» технология қолданылатынын атап өтті.

ЖЭС Корея Республикасының тарапынан инвестициялық жоба ретінде іске асырылмақ. Жоба құны 4,5 млрд. АҚШ долларын құрайды.