Балқашта 3 жастағы бүлдіршін көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті

ҚАРАҒАНДЫ. 10 маусым. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Балқаш қаласында үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен 3 жастағы қыз бала құлап кетті.

Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

«8 маусым күні кешқұрым Балқаш қаласында үш жасар қыз үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлады», - делінген хабарламада. Жарақаттанған бүлдіршін қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Аталмыш оқиға бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде.

«Өкінішке қарай, күн жылына бастаған соң мұндай оқиғалар жиілей түседі», - деп атап өтті ІІД-ден. Тәртіп сақшылары ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін анағұрлым жауапкершілікпен қамтамасыз ету қажеттігін ескертеді.