Туристер легі артып келеді
Соңғы жылдары өңірде туризмге серпін беріліп, Балқаш біртіндеп облыстың басты бағыттарының біріне айналып келеді. Бұған жағалаудағы жаңа демалыс орындары мен кәсіпкерлер жүзеге асырып жатқан жобалар да әсер еткен.
Балқаш — өндіріс пен табиғат, қала тіршілігі мен демалыс орындары тоғысқан мекен. Ал мұндағы туристік әлеуетті арттырған маңызды қадамдардың бірі — Астана мен Алматыны жалғаған күре жолдың іске қосылуы. Қатынас жеңілдеп, көл жағасына жету де ыңғайлы бола түсті. Бұл қалаға келетін қонақтар легінің артуына жол ашты.
Ал турист үшін Балқашты аралау бұрынғыдан да ыңғайлы. Қаланың қақ ортасындағы визит-орталыққа бас сұқсаңыз, мамандар баратын бағыттарды таныстырып, жөн сілтейді. Өткен жылдың күзінде ашылған нысан осы уақыт ішінде жүздеген туристке қызмет көрсетіп үлгерген.
— Бізде баратын орындар өте көп. Сол үшін брошюра жасадық. Қаланың көрікті жерлері қамтылған. Атап айтқанда, Тораңғы өлкесінде құмды өлкеде өсетін ағаш кездеседі. Қалалық мұражай да тарихқа толы, — деді Балқаш қаласының туризм бөлімінің басшысы Ерслан Зияда.
Бағыт-бағдар беретін орындардың ашылуы мен туристік инфрақұрылымның жаңаруы да сұраныстың артуына ықпал етіп отыр. Былтыр Балқашқа 182 мыңнан астам турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 200 мыңға жуықтаған.
Жағажайдың жағдайы көңіл көншіте ме?
Бірақ Балқашқа келген қонақ та, жергілікті тұрғын да алдымен қала орталығына, одан әрі жақын маңдағы жағажайға барады. Жақында ғана құрылысы аяқталған аумақтан турист көргеніне тамсанып, таңғалуы тиіс еді. Алайда көрініс көңіл көншітпейді.
Жағажайға апарар Арбат бойымен жүрсеңіз, бірден көзге түсетіні — қалың өскен қамыс пен шашылған қоқыс. Пакеттердің бірнеше күн емес, апталап жиналмағаны байқалады. Жағымсыз иіс те сезіледі.
Жаңартылған аумақта егілген көшеттердің бір бөлігі қурап, суарылмай тұр. Жағалауда құрылыс жұмыстарының кей тұсы да сапасыз атқарылғандай әсер қалдырады. Ал жиналмаған қоқыс жағалауға ғана емес, суға да араласып, демалушылардың көз алдында жатыр.
Балқашқа барсаңыз, Шұбартүбекті көріңіз
Алайда Балқашқа суға түсуге келген туристің негізгі аялдайтын жері — қала орталығындағы жағажай емес. Көл жағасында демалуға қолайлы үш негізгі аумақ бар. Олар — Тораңғылық, Шұбартүбек және Барковский. Мұнда жағажай демалысына қажетті жағдайдың бәрі қарастырылған. Солардың бірі әрі Балқашқа келгенде міндетті түрде ат басын бұратын орын — Шұбартүбек. Көпшілік жағалауды Балқаштың інжуі деп атайды. Ұсақ ақ құмы, мөлдір суы және жайпақ жағалауы балаларға да, ересектерге де қолайлы. Мұнда көл жағасында тынығып қана қоймай, нағыз жағажай демалысын сезінуге болады.
Ал суда уақытын белсенді өткізгісі келетіндер үшін таңдау жеткілікті. Катамаран мен қайыққа отырып, көл бетіне шығуға болады. Яхтамен серуендеу Балқашты басқа қырынан танытса, жағалаудағы демалыс орындарында су сырғанақтары, «банан», катер мен су мотоциклдері сияқты аттракциондар ұсынылады.
Мәселен, судағы демалыстың бір түрі — резеңке батутты қайыққа айналдырып, көлге шығу. Толқын тербетіп, самал жел есіп тұрған сәтте қала шуынан алыстап, Балқаштың кең айдынында еркін тыныстауға мүмкіндік бар.
Жағалаудағы көрініс те жазғы демалыстың қызғанын аңғартады. Бірі отбасымен, бірі достарымен келген. Бірі құмға жайғасып күнге қыздырынса, енді бірі суға түсіп сергіп, тағы бірі көл көрінісін тамашалап отыр. Жағалауда тамақтанып, сусын ішіп, күнді асықпай өткізуге де мүмкіндік бар. Балқаштың бұл бөлігі — көлдің табиғатын тамашалап қана қоймай, жағажай демалысын толық сезінуге болатын орын.
Қираған алаң, қураған көшет: саябақтар қандай күйде?
Балқашта абаттандыру мәселесі саябақтардан да анық көрінеді. Қалада шөп шабатын арнайы техниканың тапшылығы байқалады. Себебі қай аумаққа барсаңыз да, бейберекет өскен шөп көзге түседі. Мәселен, 2023 жылы салынған Орталық саябақтың бүгінгі көрінісі көңіл көншітпейді. Бірнеше жыл өтпей жатып, мұндағы фонтан істен шыққан.
Саябақтың қазіргі жағдайын тұрғындардың өзі де бұрынғы көрінісімен салыстырады. Олардың айтуынша, қазір тұрған ірі ағаштар — осыдан бірнеше жыл бұрын отырғызылған көшеттер. Ал кейін егілген жас ағаштардың бір бөлігі солып қалған.
— Қазір бұл саябаққа біз келмейміз. Себебі қараңғы, балалар ойнайтын жер ескірген, қызықты ештеңе жоқ. Бұрын бәрі болатын, — деді тұрғындар.
Орталық саябақта қозғалыс азайып, бірқатар кәсіпкерлік нысан жабылған. Балалар алаңдары да жаңартуды қажет етеді.
Бағдарлама жүргізушісі картада белгіленген өзге жасыл аумақтарды да аралап көрді. Алайда мұнда да жағдай мәз емес. Спорт алаңдары қираған, жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Мұндай көріністен кейін бұл аумақтарды толыққанды саябақ деу қиын.
Балқаштағы темір мүсіндердің авторы кім?
Балқаштағы демалыс орындарының тағы бір ерекшелігі — көзге бірден түсетін ерекше мүсіндер. Аю, пантера, қасқыр секілді темір кейіпкерлер жағалаудың өзіндік атмосферасын қалыптастырып, келушілер үшін фотосуретке түсетін танымал орынға айналған.
Олардың авторы — Константин. Ол үшін мүсін жасау негізгі кәсіп емес, көңіл қалауынан туған шығармашылық. Қалалық ауруханада қызмет ететін ол бос уақытын шеберханасында өткізіп, қарапайым темірден түрлі бейне жасайды.
Шебер мүсіннің сыртқы көрінісіне ғана емес, оның қоршаған ортамен үйлесуіне де мән береді.
— Алдымен фигураның өзін жан-жақты ойластырып, оның осы жердің табиғаты мен ландшафтына үйлесімді орналасуын есептеу қажет. Осы жұмыстар толық пысықталғаннан кейін ғана оны шеберханадағы тірлік басталады. Алғашқы мүсіндер — аю, пантера, қасқыр болды. Солар мені біраз әуреге салды, көп күшімді алды. Кейін бірте-бірте үйреніп кеттім. Әр мүсіннің өзінің тарихы бар, — деді мүсінші Константин Агеев.
Бүгінде Константиннің қолынан шыққан мүсіндер саны отыздан асты. Ал шеберханасында жүзеге асыруды күтіп тұрған жаңа жобалар әлі де көп.
Барнхаус, бассейн, киіз үй
Тынығатын орындар Балқашта аз емес. Соның бірі — еліміздегі алғашқы туристік бағыттағы индустриялық аймақтың аумағында бой көтерген жаңа демалыс кешені. Кәсіпкер мұнда төрт гектар жерді жалға алып, бірнеше айдың ішінде ауқымды нысан тұрғызған.
Жоба көп күттірмей жүзеге асқан. Кәсіпкердің айтуынша, 19 маусымда облыс әкімі келіп, нысанның ашылуына қатысқан.
— Бізде жалпы 23 барнхаус бар. Барнхаус деген — тез салынатын үйлер. Қыста жылу ұстайды, жаздың күні суықты ұстайды, — деді кәсіпкер Жақсыгелді Иманбеков.
Кешендегі 23 барнхаустың бір бөлігі саунамен, енді бірі монша және бассейнмен жабдықталған. Бұл нысанның тек жазғы маусыммен шектелмей, жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Ал киіз үйлер ұлттық нақышты сақтай отырып, заманауи демалысқа бейімделген. Бассейн, фонтан, абаттандырылған аумақ пен жасыл желек кешеннің келбетін толықтырып тұр.
Бір кездері бос жатқан аумақта қазір демалушылар жүр. Әсіресе қысқа уақытта жайқалып үлгерген ағаштар көзге түседі. Балқаштың ыстығында көшет өсіру оңай емес екенін кәсіпкер де атап өтті.
Туристік аймақтың шешілмеген мәселелері
Келесі бағыт — Тораңғылық. Мұнда туристік аумаққа кіреберістің өзі көңілге қаяу түсіреді. Жол бойында ондаған жылдан бері қараусыз қалған, қирап жатқан ғимараттар көзге шалынады. Кезінде ел қажетіне жараған зауыттар бүгінде иесіз нысандарға айналған.
Қазір әкімдік оларды сүріп тастауға ниетті болғанымен, нысан иелері бұған келіспей отыр. Соның салдарынан еліміздегі танымал демалыс орындарының біріне апаратын жол бойында ескі ғимараттар көзге түседі.
Туризм тек әсем жағалау мен көл суынан тұрмайды. Туристің әсері жол бойынан басталып, демалыс орнына дейінгі көрініспен қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, Тораңғылықтағы қараусыз нысандар аумақтың жалпы келбетіне әсер етіп отыр.
Мәселе мұнымен бітпейді. Туристік аумаққа апаратын негізгі жол да тар. Бір ғана асфальт жолға көліктер мен демалушылардың қозғалысы қатар түседі. Жаяу жүргіншіге арналған жолдың болмауы көлік кептелісін күшейтіп, жол бойындағы шуды арттырады.
Қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?
Жағажайдағы басты мәселенің бірі — қауіпсіздік. Бұл бағытта заманауи камералар да, жедел құтқару бекеті де тәулік бойы жұмыс істейді. Камералар көлдегі жағдайды бақылауда ұстап, төтенше жағдайға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Жүйе Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел басқару тетігіне қосылған.
Су жағасындағы мұндай жедел құтқару бекеттері елімізде көп емес. Шомылу маусымы басталғалы Балқаш қаласындағы бекет жұмысын күшейткен. Мұнда 13 маман қызмет етеді. Құтқарушылардың иелігінде төтенше жағдайда жедел әрекет етуге қажетті құрал-жабдықтар мен бес жүзу құралы бар.
Олардың жұмысы көмекке келумен шектелмейді. Құтқарушылар әр сағат сайын жағажайды патрульдеп, демалушыларға судағы қауіпсіздік талаптарын түсіндіреді.
— Жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Әр сағат сайын шағын жүзу кемесі тікелей адамдар шомылып жүрген аймаққа шығып, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, ескерту жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар құтқарушылар визуалды бақылау жасап, аумақты тексереді, — деді Балқаш қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Олег Грабовский.
Жағажайдағы бақылау тек демалушыларға қатысты емес. Құтқарушылар көлдегі шағын жүзу кемелері мен гидроциклдердің қозғалысын да қадағалайды. Бұл үшін күн бойы су айдынында патрульдеу жүргізіледі.
Төрт жыл күттірген су мәселесі
Теңізді бойлай орналасқан тағы бір демалыс аймағы — Шұбартүбек. Мұнда да кәсіпкерлер нысандарын дамытып, туристерді тартуға тырысып жатыр. Алайда аумаққа келген бойда шешімін күткен мәселелер де көзге түседі.
Соның бірі — су қорғау аймағындағы нысандар. Мұнда бетоннан салынған екі қабатты демалыс орны бар. Бұдан бөлек, бірнеше жыл бұрын жұмыс істеген әткеншектің қазір қаңқасы ғана қалған. Ал бір кездері су тартуға арналған құрылғы тұрған жерде бүгінде бетон қалдықтары жатыр.
Жағажайдың бірнеше шақырымға созылғанына қарамастан, қоғамдық дәретхана жоқ. Жекеменшік демалыс орындарындағы дәретханалар да жабық. Жағалауға жақын орналасқан ескі қосалқы аумақта қираған құрылыс қалдықтары жатыр. Мұның бәрі аумақты абаттандырып, толыққанды демалыс орнына айналдыруға кедергі келтіріп отыр.
Шұбартүбектегі мәселенің тағы бірі — ауыз су. Тұрғындардың айтуынша, қолданыстағы суды ішуге пайдаланбайды, қажетті ауыз суды өздері сатып алады.
— Ішуге жарайды, бірақ біз мұны үйге, ыдысқа ғана қолданамыз. Ішетін суды сатып аламын, — деді тұрғынның бірі.
Ауыз судан бөлек, шаруашылыққа қажетті су да шектеулі. Тұрғындардың айтуынша, аптасына бір рет су таситын көлік келіп, бір тонна су қалдырады. Бұл көпбалалы отбасы үшін жеткіліксіз. Оның үстіне судың бір тоннасы 4800 теңге тұрады. Су мәселесін шешу үшін бұған дейін жұмыс басталғандай болған. Жақын маңдағы аумақта жер қазылып, қажетті құрал-жабдықтар дайындалғанымен, іс аяқсыз қалған.
— Төрт жыл болды уәде беріп келе жатқанына. Әлі жоқ, — деді тұрғындар.
Браконьерлікке қарсы бақылау күшейген
Балықшылар мен табиғатты қорғау инспекторлары Балқаш көлін браконьерлік ау құралдарынан тазарту үшін тұрақты түрде рейдке шығатынын да айту керек. Бұл жолы арнайы топ қамыс арасын, жағалауды және су айдынын тексеріп, заңсыз балық аулауға арналған аулар мен шаян аулайтын құрылғыларды анықтады.
Оны анықтау үшін жедел топ ай сайын көлге шығып, су айдынын тексереді. Құрамында 21 инспектор бар мамандар арнайы техникамен жабдықталған. Заң бұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынады. Рейд жұмыстары маусымға қарамай, жыл бойы жүргізіледі.
— Мамыр айында келген кезде үш километрдей ау жинап, өртеп кеттік, — деді Орман шаруашылығы жедел топ инспекциясының жетекшісі Нұрлан Байжұманов.
Жүйелі бақылаудың нәтижесі байқалады. Инспекторлардың айтуынша, соңғы уақытта заңсыз балық аулаумен айналысатын браконьерлердің саны біртіндеп азайып келеді. Бұл жұмыста инспекторларға жергілікті балықшылар да көмектеседі. Көлді жақсы білетін олар қайықпен рейдке өз еркімен шығып, заңсыз ау құралдары жасырылуы мүмкін жерлерді анықтауға атсалысады.
Мұз дәуірінен сақталған ағаш бар
Балқашты тек өндірісі өркендеген шаһар ретінде қабылдау — оның табиғи мүмкіндіктерін толық тани алмау. Қала маңында тарихы терең, табиғаты қайталанбас мекендер аз емес.
Соның бірі — тораңғы тоғайы. Ғасырлар бойы сақталған бұл өсімдіктің тамыры 50 метр тереңдікке дейін бойлап, жан-жаққа таралады.
— Ағаштың төменгі бөлігіндегі жапырақтары ұзынша келеді. Орта тұсында жапырақтары сопақша пішінге ауысады, ал жоғарғы қабатындағы жапырақтары қарақаттың жапырағына ұқсайды. Бір ағаштың өзінде бірден үш түрлі жапырақ пішіні кездеседі. Бұл — мұз дәуірінен сақталған гибридті ағаш, — деді экскурсия жетекшісі Павел Новокшонов.
Тораңғы сияқты табиғи нысандарды туристерге танытуда жергілікті кәсіпкерлердің де үлесі бар. Солардың бірі — Павел Новокшонов. Ол 2015 жылдан бері Балқаштың табиғи және тарихи орындарын туристерге көрсетіп, өңірдің жаңа қырын таныстыруға күш салып келеді. Бұл жолы бағдарлама жүргізушілері Тораңғы өлкесіне джип-турмен барды. Мұндай сапарларға Ұлыбритания, Австралия және АҚШ-тан келген туристер де қатысқан.
— Идея шамамен 2015 жылы пайда болды. Мақсатым — адамдарға біздің өңірде де табиғаты көркем, туристерге қызықты жерлер көп екенін көрсету еді. Балқашты зауыты бар өндірістік қала ретінде ғана емес, оның айналасында туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар екенін көрсеткім келді. Мұнда көл бар, Тораңғы тоғайы бар және басқа да ерекше табиғи орындар жеткілікті, — деді экскурсия жетекшісі.
Түйткілдер қашан шешіледі?
Бағдарлама дәстүріне сай, бүгінге дейін шешімін таппаған мәселелерге Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов жауап берді. Соның бірі — Тораңғылық пен Шұбартөбекті сумен қамту мәселесі. Оның айтуынша, бұл бағытта жобалық-сметалық құжаттар әзірленген.
Жұмыстар үш кезеңмен жүргізіледі. Алдымен Балқаштан Тораңғалыққа су желісі тартылады, кейін елді мекеннің ішкі желісі жүргізіліп, соңғы кезеңде Тораңғалықтан Шұбартөбекке дейін су жеткізіледі. Жобаны 2028–2029 жылдары толық аяқтау жоспарланған.
Сумен қатар, Шұбартөбектегі жағажайдың жағдайы да назардан тыс қалмаған. Бұған дейін айтылған қоғамдық дәретхананың жоқтығы мен жағалау келбетіне кері әсер етіп тұрған нысандар мәселесі бойынша әкімдік келесі маусымға дейін тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
— Тораңғылық пен Шұбартөбені абаттандыру жұмыстары да келесі жылдың шілде айына дейін толық аяқталады деп жоспарланған. Осы жұмыстар барысында айтылған кемшіліктер жойылып, артық нысандар алынып тасталады. Жаңа элементтер орнатылып, аумақ абаттандырылады, — деді әкімдік өкілі.
Ал Тораңғылықтағы ондаған жылдан бері тұрған ескі ғимараттарды жою мәселесі әзір толық шешілмеген. Нысандар жекеменшікке өткендіктен, әкімдік меншік иелерімен оларды қалпына келтіру немесе бұзып, аумақты тазарту жөнінде жұмыс жүргізіп жатыр. Ғимарат иелері бұған дейін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазір олар тиісті жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауға уәде берген.
Қаланың өзіндегі саябақтардың жағдайы да назарда. Бұған дейін көрген абаттандыру мәселелеріне қатысты әкімдік қаражат бөлініп, мердігер анықталғанын айтты.
— Бұл бағытта қала әкімдігі тарапынан тиісті қаражат бөлініп, мердігер анықталды. Қазір саябақтарды күтіп-ұстау және абаттандыру бойынша мердігермен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әрине, кемшіліктер бар. Бірақ оларды кезең-кезеңімен ретке келтіріп, жағдайды жақсартуға уәде береміз, — деді ол.
Сарапшылар не дейді?
Мәселелердің себеп-салдарын сарапшылар да саралады.
Туризм саласының сарапшысы Базарбек Қамысбаевтың пікірінше, ең алдымен жағалау тазалығына мән беріп, туристік сервисті күшейту қажет.
— Балқаштың туристік әлеуетін арттыру қажет. Бірінші кезекте қоқыс мәселесін біржақты қылған дұрыс. Сервисті дамытып, көлден бөлек, басқа да нысандарда сервисті күшейту кезек күттірмейді. Туристердің келу маусымын ұзарту қажет, — деді сарапшы.
Ал Туризм саласындағы инвестицияларды тарту және ілгерілету басқармасының басшысы Мөлдір Боздақбаева өңірде жүйелі жұмыс барын жеткізді.
— Жол мәселесі шешілген. Жағажайдағы қауіпсіздік жақсы ойластырылған, абаттандыру да жаман емес, — деді ол.
Бұл пікірді урбанист-архитектор Тұрсын Жиенбаева да бірқатар тұста толықтырды. Оның сөзінше, Балқашта туризм енді дамып келе жатқанымен, қаланың жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы мен көгалдандыруына әлі де назар аудару қажет.
Айта кетейік, бағдарлама қорытындысында Балқаш жалпы есепте 18 ұпай еншіледі.
Еске салайық, бұған дейін Баянауылдың туристік әлеуеті неге ақсап тұрғанын жазған едік.