Осы ретте назарларыңызға қазақтың көне күш мәдениетінің бірегей көрінісі – «балуан тас» көтеру туралы сұхбатты ұсынамыз. Бұл – жай ғана күш сынасатын спорт емес, оның астарында елдік сана мен мемлекетшілдік философия жатыр. «Балуан тас көтеру» ұғымы елдің жүгін көтеру, халықтың мұң-мұқтажын арқалау деген терең мағынамен сабақтас.
Тарихта мұндай тастарды көтерген тұлғалардың қатарында Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ, Қажымұқан сияқты әйгілі балуандармен қатар Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов секілді тарихи тұлғалардың да есімі аталады. Архетиптік тұрғыдан алғанда, бұл ұғым халық аңызындағы Толағай бейнесімен үндеседі.
«Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров Kazinform тілшісіне берген сұхбатында балуан тастарды жүйелеп, олардың географиясын нақтыламаса, бұл құнды мұраның жоғалып кету қаупі бар екенін атап өтті.
– Абылайхан мырза, сіздің күш мәдениетін қалыптаушы ғалым ретіндегі «балуан тастар» туралы зерттеулеріңізде қазақ қоғамындағы жалпы тас атаулының ерекше типологиясы жасалған. Алдымен осы жүйені оқырманға түсіндіріп берсеңіз.
– Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде тас – тек табиғи материал емес, ол әлеуметтік, құқықтық және рухани код сақтаушы. Мен тастарды екі үлкен топқа бөлдім: өңделмеген тастар және өңделген тастар.
Өңделмеген тастарға жәй құрылысқа пайдаланылған тастар, қасиетті-тілек тастары және ең бастысы – балуан тастар жатады. Ал өңделген тастардың ішінде шаруашылық құралдары – қол диірмен, ұршықбас, астау және басқалар болса, мола тастарына – құлпытас, балбал, қошқартастар жатады, сондай-ақ таңбалы тастар және жазбалы мәңгітастар (бітіктастар) бар.
Бұл классификация тастың қазақ қоғамындағы көпқырлы рөлін көрсетеді. Мәселен, балуан тастар – бір жағынан күш сынасу құралы, екінші жағынан құқықтық-әлеуметтік институттың элементі болып отыр.
– Осының ішінде балуан тастарды балбал тастармен шатастыратындар бар. Балуан тастың қысқаша анықтамасы қандай?
– Бүгінде біз тарихи ескерткіш дегенде сәулетті ғимараттар мен қашалған я құйылған мүсіндерді елестетеміз. Алайда тас қашау, мүсін құю өнері кенже дамыған замандарда ата-бабаларымыз Ұлы дала кеңістігінде осындай табиғи тастарды қандай да бір күштік-рәсімдік оқиғаға байланысты атап, оны рухани ескерткіш пен ақпарат таспасына айналдырған.
Біле білсек, бұл – біздің бабаларымыздың өзіндік «ескерткіш қалдыру технологиясы» еді.
Сондықтан, қайсы «Балуантас» болмасын, жай тас емес. Ол – ел жадында сақталған тарих. Ең бастысы, оларда әйгілі ата-бабаларымыздың, әруақты батыр-палуандардың қолының табы қалған, күш-қайратының айғағына айналған баға жетпес жәдігерлер.
– Балуан тастардың өз ішінде де жіктелетінін айтып жүрсіз. Ол қандай бағыттар?
– Иә, оларды төртке бөлуге болады. Біріншіден, жаттығу үшін көтерген балуан тастар – қазіргі гантель, штангалардың арғы тегі секілді бұлшық етті шыңдау құралы. Белгілі бір дәрежеде бұл қатарға ойын тастарын, оның ішінде Қажымұқан, Балуаншолақтар күш ойыны ретінде тұтқан тастарды атауға болады.
Екіншіден, өтініш бойынша көтерген тастар. Мысалы, Қажымұқан бабамыздың көтерген, бүгінге жоғалмай жеткен көп тасы осындай. Баянауыл орталығында тігінен шаншылып тұрған әнеубір әйдік тас сол. Жұртшылық ондай дүниелерді жүрекжарды тілек, көңілмен байланыстырады.
Үшіншіден, ерегес-бәсеке үшін көтерген тастар. Айталық, Кенесарының інісі Наурызбай батыр мен Қоңырат Төлебайдың сайысып көтерген Қызыл тасы. Мұндай-мұндайда ерлердің күш-қайрат, ерлігі ғана емес, әлеуметтік бедел, еларалық кейде руаралық абырой сынға түсті.
Төртінші, дау шешу үшін көтерген мәміле тастар – руаралық немесе еларалық дауда әділдік құралы ретінде қолданылған. Мәселен, Керей Көбегеннің Зайсан жақта қалмақтармен жер бәсін қылған Көкшұбар тасы. Күршімдегі Көкжал Барақтың тасы!
Өз кезегінде, бұл – балуан тастардың қазақ қоғамында ғана емес, иісі түркі, әсілі көшпенділер қоғамдарында сот, жарыс және әлеуметтік келісім құралы болғанының айғағы.
– Олай болса, балуан тастарды құқықтық мәдениет ескерткіші деуге толық негіз бар ғой?
– Әбден болады. Қазақ қоғамында құқық жазылған заңнан гөрі, қоғамдық рәсім мен дәстүр арқылы реттелді. Балуан тастар – дәл осындай рәсімдердің тасқа айналған символы. Өзара тартыстарда кім тас көтерсе – соның мәртебесі бекітілді, сөзі өтімді болды. Бұл – жазылмаған заң һәм қоғамда толық легитимділігі бар норма.
– Әлемдік тәжірибеде мұндай мысалдар кездесе ме?
– Иә, өте көп. Мәселен, Гавай аралдарындағы аңызға айналған Наха тасы. Аралдардың өзара соғыстары кезінде оны тек баршаны біріктіруші ұлы көсем немесе болашақ билеуші ғана қозғай алады деген сенім болған. Егер әлсіз адам көтермек болса, сүйегі жасиды, рухы күйрейді делінген. Сол арқылы тас биліктің легитимділігін анықтайтын құқықтық символға айналған. Кейіннен шынымен де І Камеамеа деген алып ер шығып, тасты ырғап, АҚШ үстемдігі келгенге дейін бәрін бір ұлысқа біріктірген.
Сол сияқты, Исландияда «Хюсафел стоун», Шотландияда «Динни стоунс» атты дәстүрлі күш тастары бар. Олар да тек күштілікті емес, әлеуметтік мәртебені көрсеткен. Қазақтың балуан тастары осы әлемдік тәжірибелермен терезесі тең.
Түп-тегі түркілер тәрізді Алтайдан тарады делініп жүрген жапондықтарда да бұл бар үрдіс. Олардың пысықтығы сол, атақты сумошылары мен самурайлары соңғы мың жыл бойы көтерген балуан тастарды бірін қалдырмай жинап, киелі храмдарының алдына тізіп қойды. Қызығасың да, қызғанасың!
– Бұл дәстүрдің бүгінгі ұрпаққа қандай үлгісі бар?
– Ең алдымен, бұл – ұлттық мәрттік пен құқықтық мәдениеттің сабақтастығын көрсететін құрал. Біз тастар арқылы жастарға «әділдік», «жауапкершілік», «легитимділік», «мәміле» сияқты ұғымдарды тәжірибелік деңгейде түсіндіре аламыз. Сонымен қатар балуан тастар ұлттық спорт пен туризмнің брендіне айнала алады. Гавай, Исландия-Шотландиядағы тастар да бүгінде туристер ағылатын нысанға айналды. Қазақстанда да балуан тастардың өзіндік географиясын жасап, ұлттық мұра ретінде қайта жаңғыртуға әбден болады. Ол үшін біз былтыр елордамызда «Қазақ күшінің картасы» атты жобаны іске қосқанбыз.
– Балуан тастар жоғалып кететін кездер бола ма?
– Әрине, бұрынғысы бұрынғы, кейінге жеткендерінен де қапыда айырылып қалып жүрміз. Мәселен, бұған дәлел ретінде Қытай тарапындағы Дәлелханның көш жолындағы Балуан тасын атар едім.
Бір кездері, ұлы Ертістің бойындағы «Жүрек суы» деп аталатын жерде салмағы 700-800 келі шамасында балуантас жатқан. Өлшегендердің дерегіне қарағанда, тастың ең аласа жерінің биіктігі 47 см, ең қысқа ені 81 см, ұзындығы 106 см. Осы тасты көтеріп қозғаған дөй, асқан күш-қайрат иесі – Қарақас Дәлелхан Мешелұлы. Сол кезде 22 жаста болыпты. Оның үзеңгілес жолдасы Елісхан Марданұлы тасқа: «Балуан Дәлелхан. 1952 жыл. Жазған Елісхан Марданұлы» деп өз қолымен ойып төтеше жазба қалдырған.
Тастың көтерілу тарихы да қызық. Алтай таулы-тасты жер. Көш-көлігі созылып, жұрт қоныс аударып бара жатқан шақтың бірі болса керек. Түйелер шұбап, аттылар тізіліп, ел жаңа өріс іздеп, еңіс пен қыратты кезіп келе жатады. Сол жолдың бір тұсында түйе көші жүрісіне кедергі болған, қақ ортада сұлап жатқан ірі тас болады. Әрқашан да қазақы көштің алдын бөгейтін сол тасты айналып өту қиын, жол тар, сай қысаң көрінеді. Сонда сол жұрттың арасында әйгілі Ақытқажының ұлы Қалман қажы да болыпты. Ол Дәлелханға жезде болып, жасы үлкен, сөзі салмақты адам болғанымен, әзілге басып:
– «Балуанмын-балуанмын» дейсің, көштің жолын бөгеп жатқан мына тасты алып тастасаңшы, – деп қолқа салады.
Дәлелхан бұл жолы үндемей барып, тасты бір байқайды. Алайда айнала қарап, орнын шолып шығады да қайта көпке қосылады. Жездесі қоярда қоймай, тағы да намысын қайрайды. Бұл жолы түрі бұзылып кетіп, нән тастың жанына жетіп барады да, бір жағы топыраққа басылып, жерге қысылып жатқан тасты ырғап босатып алып, басынан асыра бір-ақ көтереді. Жолдан да былай алып қояды. Маған жеткен әңгімелер ол тастың оқиғасын осылай тарқатады
Айта кетейік, Дәлелхан балуан ғана емес, атақты батыр. Арғы тараптағы Көктоғай көтерілісі қаһармандарының бірі. Рас, ол туралы айтылатын ертегіге бергісіз естелік көп. 2 аюды ұстап алып, аяқтарынан малша шандып байлап берген хикаясы тағы бар.
Өкінішке қарай «Жүрек суында» көтерген тасының соңғы жылдары жоғалып кеткені туралы дабыл қағылды. Себебі қытайлық жол салушы компания ол маңға автобан түсіріп, құрылыс жүргізіп өткен. Кезінде тасты алып кетпекші болып барған 7 қазақ жігітінің оны көлікке арта алмай, кейінге қалдыруының соңы осылай бармақ тістеумен аяқталып отыр. Тап осылай, өз елімізде отырып тапа-тал түсте Жаңақорғандағы бір тастан айырылып қалдық. Ол енді бөлек әңгіменің жүгі.
– Еліміз үшін балуан тастардың ең басты мәні неде?
– Ұлтымыз үшін балуан тастар – рухани ескерткіштер. Олар батырлық пен күшті, халықтың ерендікке деген ұмтылысын сомдайды.
«Балуан тас көтеру» дегеннің астарында «елдік сана, мемлекетшілдік принцип бой бүккен, түпкі философиясында елдің жүгін көтеру, халықтың мұң-мұқтажын орнына қою» деген ерлерге ғана тән ғажап дүниетаным жатыр. Түпкі архетипі Толағай образына барып тірелетін киелі концепция десек те артық емес. Керек десе ұлттық идея болуға да жарайды. Талайлар оның әлеуетін бағалай алмай жүр.
– Сұхбатыңыз үшін рақмет!