20:13, 07 Сәуір 2009
Балық инспекторлары шекарашылардың кесірінен жұмыстарын бастай алмай отыр
АҚТАУ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат. /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысы бойынша Балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері балық аулау маусымы басталғалы теңізге шыға алмай отыр. Оған себеп, шекарашылардың олардың қайықтарын ұстап алып, теңізге шығуға тыйым салып отырғандығы,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Балық аулау маусымы басталғалы жарты айдан астам уақыт өтсе де біздің жағалау бойынша орныққан 32 инспекторымыздың ешқайсысы инспекциялық рейдтерге шыға алмай отыр. 17 наурыз күні келіп түскен ақпарат бойынша браконьерлерді ұстауға теңізге шыққан 2 қызметкерімізді №20/18 әскери бөлімінің шекарашылары 2 тікұшақпен келіп ұстап алып, қайықтары мен моторларын тартып алып, бес сағат бойы гарнизонға қамап қойды. Теңізге заңсыз шықтыңдар, деп айыптап, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл саламыз, деп қорқытқан. Мен бастықтарымен кездесейін деп барып, ішке кіргізбей сыртта сенделіп бес сағат жүрдім. Кезекші сарбаздар бастықтарын біресе бар, біресе жоқ деп, ақыры кездесе алмай кеттім», - дейді балық инспекциясы басқармасының бастығы Марат Ахмет. Наурыздың 3-і күнгі бірлескен жоспарлы талқылау отырысында аймақтық шекара басқармасының өкілі полковник Дархан Ділманов балық инспекциясы басшылығынан теңізге шығатын инспекторлардың тізімін шекарашыларға беріп қоюды өтінген. 16 наурыз күні ол тізімді шекара басшылығы мақұлдап, бекіткенімен, 20 наурыз күні Ділмановтың орынбасары полковник Серік Дүйсенов мөрі дұрыс емес деген сылтаумен инспекторлардан тізімді қайтадан алып кеткен. Кейін ол тізімді Дүйсенов жоғарыда аталған №20/18 әскери бөлімінің бастығы Талған Юсуповқа бердім деген. Содан бері Балық инспекциясы басшылығы аталған әскери бөлімнің табалдырығын тоздырып жүр. «Балық аулау маусымы басталып кетті. Шекарашылардың түсініксіз әрекетінен тек біз емес, заңды рұқсаты бар балықшылар да теңізге шыға алмай отыр. Былтыр біздің инспекция 8 жүрдек қайық пен 27 браконьер дағыстан азаматын ұстап, тиісті орындарға тапсырған болатын. Қазір де браконьерлер туралы ақпарат бізге күнде түсіп жатыр. Шекарашылар оларды ұстады, деп естиміз. Бірақ, олардың керіп кеткен ауын жинау біздің міндетіміз. Қазір жинаусыз жатқан ол ауға түсіп қырылып жатқан балықтар мен итбалықтардың қатары көбейіп те кеткен болар. Мен өзімнің Атыраудағы басшылығыма хабарладым. Егер, бұлай жалғаса беретін болса, ертең облыс басшылығының атына мәлімдеме жазып, осы мәселеге араласуын өтініп, шыққалы отырмын», - дейді басқарма бастығы Марат Исаұлы