18:49, 10 Сәуір 2009
Банк секторының сыртқы қарызы 35 миллиард долларды құрайды ? Ұлттық банк төрағасы
АЛМАТЫ. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Банктердің сыртқы қарызы сәуірдің 1-індегі алдын-ала деректер бойынша 35 миллиард долларды құрайды.Бұл жайлы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыдағы ҚР Президенті резиденциясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен болған кездесуден кейін мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2008 жыл банк секторының сыртқы қарыздарының шырқау шыңына жетті. Оны әркім әртүрлі айтып жүргенімен негізгі сан 46 миллиард долларды құрады. Сәуірдің 1-індегі алдын ала деректер бойынша ол биыл 35 миллиардқа дейін қысқарып отыр. Сондай-ақ жалпы ішкі өнімге шаққанда оның үлесі өткен жылғы 50 пайыздан 26,5 пайызға дейін төмендеді», - дейді Григорий Марченко. Оның сөзіне қарағанда, биыл алғашқы тоқсанда банктер 3,6 миллиард доллар қарызын өтеді. Алдағы тоқсанда оның көлемі 2,5 миллиард долларды құрамақ. Ал 2010 жылдан бастап қайтарылатын сыртқы қарыздың көлемі банк секторында тоқсанға шаққанда 1 миллиард доллардан төмен болады.