Оның айтуынша, елімізге шет мемлекеттерден келген оралмандар банкпен байланысты қандай да бір шараларды жүзеге асыру үшін қаржы жүйесіне немесе осы банктерге келетін болса, онда отырған қызметкерлер оралман ағайындарға нанымды жауап та бере алмайды. Себебі онда отырғандар қазақ тілін өте нашар біледі. Олардың арасында ана тілін мүлдем білмейтін азаматтар да бар. «Қазақта битке өкпелеп, тоныңды өртеме», деген қанатты сөз бар.
Бізге банк болсын немесе қаржы жүйесінде отырған азаматтардың қазақша білмейтіндігіне, оның шала сауаттылығына немесе мінезінің дөрекілігіне бола ана тілімізден жерінуге, өкпелеуге болмайды. Дегенмен Қазақстанның әрбір азаматы осы елдегі қандай да бір мекемеге келген соң өзіне қажетті мәселе жөнінде қазақ тілінде сұрақ қойып, сол тілде жауап алуға құқы бар. Бұл мәселе әрине елімізде бірден шешіліп кете қойған жоқ. Алайда бұрнағы жылдармен салыстырғанда мұнда айтарлықтай жетістіктер бар», -деді министр.
Оның айтуынша, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді бала бақшалар мен оқу орындарында ғана емес, сонымен бірге қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтитын қызметтерде қазақ тілін ең құрығанда белгілі бір деңгейде немесе алдына келген адамға қазақ тілінде қызмет көрсете алатындай жағдайда меңгерту қажеттігі көрсетілген. Яғни, аталмыш бағдарламаға сәйкес, елдегі мамандықтардың белгілі бір тізбесі жасалуы керек. Ол тізбеде көрсетілген мамандық иелері белгілі бір деңгейде мемлекеттік тілді білуге міндетті болуы тиіс. Ал бұл істің қалай жүзеге асу қажеттігі біз атап өткен бағдарламада толық қамтылатын болады»,- деді М.Құл-Мұхаммед.