Банкноталар айналымға шықпас бұрын қандай сынақтан өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық банкінің мамандары банкноталардың күнделікті қолданыста кездесетін түрлі әсерлерге қаншалықты төзімді екенін арнайы сынақтар арқылы тексереді.

Фото: Pexels

Банк өкілдерінің айтуынша, сынақ барысында банкнота қағазы мен қорғаныш элементтері ластану, ылғал, температура өзгерісі және механикалық әсерге төзімділігі бойынша бағаланады.

— Мамандар банкноталарды күнделікті қолданыста кездесуі мүмкін түрлі жағдайларға сынайды. Мәселен, сынақ барысында банкноталар суға және жуғыш заттарға салынып, әртүрлі температура жағдайында сынақтан өткізіледі. Осылайша олардың кір жуғыш машинада жуылғаннан кейінгі күйі мен беріктігі тексеріледі, — деді Ұлттық банк өкілдері.

Алдымен мамандар күнделікті өмірде банкнотаға жұғуы мүмкін кір мен дақтардың қасиетін қайталайтын арнайы қоспа әзірлейді. Осыдан кейін қағаздың бастапқы сипаттамасы зерттеліп, банкноталар айналым кезінде болатын әсерлерді имитациялайтын арнайы құрылғыға орналастырылады.

— Сынақ аяқталған соң банкнота қағазының жай-күйі қайта қаралып, қорғаныш элементтерінің сақталуы мен қағаздың сапасы бағаланады. Сондай-ақ банкноталардың беріктігі, икемділігі және ұзақ уақыт пайдалануға төзімділігі де тексеріледі. Осындай зерттеулердің арқасында заманауи технологиялар енгізіліп, айналым барысында сапасын, сенімділігін және қорғаныш қасиеттерін сақтайтын банкноталар әзірленеді, — деп атап өтті Ұлттық банк өкілдері.

Айта кетелік банкнот фабрикасынан эксклюзивті репортаж жасаған едік