17:08, 30 Наурыз 2009
Банктер 4 млрд. 448 млн. теңгеге 1 мыңнан астам ипотекалық қарыз алушыларды қайта қаржыландырды - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазіргі кезде екінші деңгейлі банктер 4 миллиард 448 миллион теңгеге 1 мың 76 ипотекалық қарыз алушыларды қайта қаржыландырды.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Инвестициялық саясат және жоспарлау департаментінің директоры Бауыржан Тортаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктерге ипотекалық заемдарды қайта қаржыландыру үшін 120 миллиард теңге салынды», - деді ол.
Бағдарлама биылғы жылғы наурыздың басынан бері іске қосылғанын еске салып өткен Б. Тортаев, «бүгінде екінші деңгейлі банктер 4 миллиард 448 миллион теңгеге 1 мың 76 ипотекалық қарыз алушыларды қайта қаржыландырды. Өтінімдер әлі де түсуде және оларды қарау шаралары жалғасуда», - деді.
Ал шағын және орта бизнесті қолдау аясында қазіргі кезде 22,5 миллиард теңгеге 881 жоба бойынша келісімдер жасалған. Ал 10,8 миллиард теңгеге 734 жоба қаржыландырылды.