Қыркүйектің алғашқы күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы қазір еліміздегі 21 банктің бірнешеуі ғана экономикалық жобаларды қаржыландыратынын айтып, қаржы секторындағы жүйесіз жұмыстарды сынға алды. Осы мәселелердің себебін білмек мақсатта Kazinform Ұлттық банкке ресми хат жолдады да: «Неліктен өзге банктер экономиканың нақты секторларына қаржы бағыттауға ниетті емес?» деген сауал қойды.
Бұған орай мынадай жауап келді: «Үкімет экономиканы кредиттеуді тұрақты өсудің негізгі факторы екенін түсіне отырып, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, банктердің бизнеске кредит беруін ынталандыруға қосымша жағдай жасау мақсатында жұмыс істеп жатыр. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды синдикатталған кредиттеу мен ортақ қаржыландыруды дамыту, астық қолхаттары және жер қойнауын пайдалану құқығы түріндегі кепіл тетігінің тиімділігін арттыруға байланысты шаралар қабылданып жатыр».
Банктен атап өткендей, несие көлемінің артуына пруденциалдық және фискалдық ынталандыру да ықпал етеді. Ол үшін несие бюроларының ақпараты мен мемлекеттік дерекқорлардың мәліметін біріктіру қажет. Сонда банктердің экономикалық жобаларды қаржыландырудағы тәуекелді тұстары азаяды, күдігі сейіледі.
«Қазір банктер мен кредиттік бюроларды мемлекеттік дерекқорлармен біріктіру арқылы инфрақұрылым жетілдіріліп жатыр. Бұл – цифрландыру арқылы бизнес үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін айтарлықтай арттырады. Банктердің шығынын азайтып, несиелік тәуекелді бағалау сапасын көтереді және сайып келгенде, несие өнімдерінің қолжетімділігін ілгерілетуге ықпал етеді», - делінген агенттік сауалына орай жолданған жауапта.
Бұл ретте ҰБ екінші деңгейлі банктердің несие саясатына араласу заңсыз екенін алға тартты. Олар өз жұмысын арнайы талапқа сай жүргізеді. Сәйкесінше, оларды экономикалық жобаларға ақша салуға міндеттеу құқық шеңберінен тыс әрекет ретінде саналады.
«Нарықтық экономика парадигмасында мемлекеттік органдардың банктердің операциялық қызметіне тікелей араласуға құқығы жоқ. Екінші деңгейлі банктер бірқатар факторды ескере отырып, өздерінің несие саясатын өз бетінше белгілейді», - делінген Ұлттық банктің жауабында.