Банктер оңтүстік өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруда белсенділік танытпай отыр

АЛМАТЫ. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруда екінші деңгейлі банктер оңтүстік өңірде белсенділік танытпай отыр.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы Болат Мұқышев бүгін Алматыда Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне арналған алқалы жиында осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Екінші деңгейлі банктер шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруда аймақтарда қатарлас келе жатыр. Игерілген қаржының 43 пайызы Алматы мен Астана қалаларының үлесінде болса, алты аймақта жасалған келісімдердің жалпы сомасының 3 пайызға жуығы ғана тіркелген. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында банктер белсенділік танытпай отыр. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері басым шоғырланған Оңтүстік Қазақстан облысында қазіргі таңда 1 миллион теңгеге жуық 11 жоба ғана қаржыландырылған», - дейді Болат Мұқышев. «Даму» шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының айтуынша, оңтүстік өңірде әзірге «БТА банк», «АТФ банк», «Қазкоммерцбанк» «Альянс банк» пен «Нұрбанк» жұмыс жасауда. Өзге банктер өз қаражатын әлі игермей отыр.