«Банктерде босқа жатқан ақша көп» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат  - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 15 ақпан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарниковпен кездесті.Тараптар көптеген мәселелер жөнінде пікір алмасты, соның ішінде парламентаралық ынты­мақ­тастықты нығайту туралы ой­ларын ортаға салды. Қазірдің өзінде Мәжілістің бесінші шақы­ры­лымында Ресей Федерация­сы­ның жоғары заң шығару органы­мен ынтымақтастық тобы, сон­дай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Ресей Федерациясы Федералды Жи­на­лы­сы Мемлекеттік Думасы ара­сын­дағы Палатааралық парламенттік комиссия қалыптастырылды. Кездесу барысында көтерілген мәселелер «Мәжіліс төрағасы Ресей елшісімен кездесті» атты мақалада. 

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздегі индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асу барысы қаралды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуы бойынша, бағдарламаны қолға алған 2 жылдан бері оны жүзеге асырудың барлық заңнамалық арқауы мен қажетті тетіктері әзірленді. Сөйтіп, ол белсенді түрде жүзеге асырылу үстінде. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібінің дамуына қолайлы ықпал етуде. Ішкі жалпы өнім ішіндегі осы саланың үлесі 2011 жыл­дың 9 айында 12,8 пайызға дейін өсіп отыр. Соның ішінде өңдеу өнер­кә­сібінің үлесі 6,2 пайызды құ­рап, мұндағы еңбек өнімділігі 2008 жылғы жағ­дай­мен салыс­тыр­ғанда 32 пайызға арта түскен. Бұл мәліметтермен «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Тұтынушылар құқын қорғау мәселесі қалай?» атты мақаладан біле аласыздар.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, о бастан капиталистік жолға түскен өзге мемлекеттер үшін дағдарыс шынында да, үйреншікті болғанымен, біз үшін оның қорқынышты екені рас. Өйткені ондай экономикалық сілкіністермен енді ғана бетпе-бет кездесудеміз. Соған қарамастан Ұлттық банк басшысы Г.Марченко мырза сол дағдарысты пайдаланып, тау қопаруға шақырады. Оның айтуынша, Қазақстандағы қазіргі жағдай бұрын-соңды болмаған жайлылықты көрсетіп тұр. Ұлттық қорда 45 млрд доллар бар, ол қандай сілкіністерді болсын, қасқайып қарсы алуға шыдас бергізеді. Оның үстіне, батыстағылар қанша жерден дағдарыс деп байбалам салып жатса да, шикізат бағасы әлемдік нарықта ұшып тұр. Мұнай бағасының шарықтауы біздің оң жағымыздан келіп, асығымызды алшысынан түсіре беретін сыңайлы. Бұл мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Банктерде босқа жатқан ақша көп» атты мақаладан оқыңыздар.

 Сондай-ақ аталмыш басылым бүгінгі санында «Тебіндіктер қайткенде пайдалы болмақ?» атты мақала басты. Онда мынадай үлкен әрі келелі мәселе қозғалыпты. Бүкіл Қазақстанда 14 миллионға жетпейтін қой қысқа түседі. Оның біраз бөлігі биязы жүнділер, енді бір ауқымды бөлігі ауылдағылардың албарларында тұрған оншақты қойдан тұрады. Шамалауымызша, тебіндігі бар ауылдарда өмір сүріп жатқан шаруа қожалықтарындағы қазақы қойдың саны әрі кеткенде 3 миллиондай болуы мүмкін. Ал 1991 жылға дейін Қазақстанда қысқа шамамен 35 миллион қой түсіп, оның 60 пайыздайы тебіндікті пайдаланатын. Демек Кеңес одағы тұсында 21 миллион қой тебіндеп шыққан аймақты бұл күндері бар болғаны 3 миллионның о жақ, бұ жағындағы қой «пайдалануда» деуге болады. «Өз басым бұл да «алдамшы» есеп деп ойлаймын. Себебі, бар-жоғы үш миллион қойға қысқы жем-шөп дайындау онша қиын емес шаруа. Олай болса, дәл қазіргі кезде тебіндіктер «тусырап жатыр» деуге болатын шығар»,-деп жазады мақала авторы. Аталған мәселенің жай-жапсары жөнінде тереңірек білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санын қараңыз.

***

Өткен аптада елордада инноватор кәсіпкерлерге арналған ерекше оқиға болды. Ең алғаш рет Қазақстан мен Орталық Азияда Астана қалалық әкімдігінің қолдауымен Astana Startup Weekend атты шара өтті. Аталмыш шара жаһандық бастаманың бөлшегі болып табылады және ол елімізде стартап-қоғамдастық үдерісінің басталғандығын білдіреді. Яғни болашақта жас қазақстандық кәсіпкерлерден жаңа, тың серпінді жобалар күтуге болады дегенді білдіреді. Аталмыш бастаманың мақсат-міндеттерімен «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Дело для молодых. В республике запущен процесс формирования стартап-сообщества» атты мақаладан таныса аласыздар.