Банктердің экономиканы несиелеуі қаңтар-ақпан айларында 0,1 пайызға өсті - Григорий Марченко

АЛМАТЫ. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ақпан айында банктердің экономиканы несиелеуі 7604,2 млрд. теңге болып, 0,4 пайызға өсті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Ұлттық валютадағы несиелердің көлемі 1,4 пайызға артып, шетел валютасындағы кредиттердің көлемі 1 пайызға төмендеді. Ал қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша теңгедегі несиелер 1,5 пайызға өсіп, шетел валютасындағы несиелер 1,8 пайызға кеміді. Теңгедегі несиелердің үлес салмағы қаңтармен салыстырғанда 57,9-дан 58,5 пайызға өсті. Г.Марченконың сөзіне қарағанда, ақпанда ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді несиелеу 0,4 пайызға ұлғайды. Ұзақ мерзімді несиелердің үлесі өзгеріссіз қалып, 83,8 пайызды құрады. Сондай-ақ ақпанда заңды тұлғалардың несиелері 0,7 пайызға өсіп, жеке тұлғалардың несиелері 0,2 пайызға төмендеді. Жеке тұлғалардың несиелерінің үлесі ақпанда 27,9-дан 27,7 пайызға дейін кеміді.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу 3,4 пайызға төмендеді. Бұл экономиканы несиелеудің жалпы көлемінің 17,5 пайызын құрайды. Банктердің несиелерінің 23,2 пайызы - сауда, 17,9 пайызы - құрылыс, 10,4 пайызы - өнеркәсіп, 4 пайызы - ауыл шаруашылығының үлесінде. Банктік емес заңды тұлғаларға валютамен берілген несиелер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі - 12,6 пайыз, жеке тұлғаларға берілген несиелер бойынша - 21 пайыз болды. Бұл ақпан айында 12,8 және 22,7 пайыздарды құраған болатын.