«Салықтық жеңілдіктерді беруде теңгерімсіздік бар. Экономиканың нақты секторын дамытуға басымдық беріліп отырғанына қарамастан, жеңілдіктердің ең көп үлесі қаржы секторына тиесілі», - делінген Палатаның 2022 жылғы жұмыстары туралы ақпаратында.
Палата келтірген мысалға сүйенсек, 2021 жылы салық жеңілдіктерінің 27%-ы қаржы секторына, 20,3%-ы тау-кен өндірісіне, 14,5%-ы өңдеу саласына берілген.
«Бұл ретте Қазақстанда қаржы секторының салық жүктемесінің деңгейі өте төмен. Сонымен қатар 2010-2020 жылдар аралығында банктерге 6,5 трлн теңге сомаға мемлекеттік қолдау көрсетілгенін айта кеткен жөн. 5 жыл ішінде қазақстандық банктердің табысы 3,5 еседен астам өсіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 1,5 трлн теңгені құрады. Олардың кірістілігі әлемдегі ең жоғары (30,3%), ал шығындардың кірістерге арақатынасы ең төмен (29,9%) болып табылады», - деп жазады палата сарапшылары.