Үстірттің Сам құмында дүниеге келген.
Барақтың батыр атағы 18 жасында торғауыт батыры Алакөбікті жекпе-жекте жеңгеннен кейін шыққан.
18 ғасырдың 70 жылдарына дейін шөмішті-табын қолын бастап, Еділ мен Жайық арасында қалмақтармен соғысқан. 1785-1792 жылдар аралығында Сырым Датұлы бастаған Ресей отаршылдығына қарсы күрес басшыларының қатарында болған.
Сырымның жақын серігі Барақ батыр үш мыңдық жасағымен Орынбор шебіндегі қамал-бекіністер бойында және қазақ даласына жіберілген патша үкіметінің жазалаушы отрядтарымен кескілескен шайқастар жүргізген. Орал әскери рапортында Барақ батырдың екі мың жасағы үкімет әскеріне қарсы тұрғаны жазылған. Барақ батырдың әскери күші туралы барон О.Игельстромның император Екатерина ІІ-ге жазған хатында айтылады. Барақ батырдың тегеуірінді қарсылық әрекеттері орыс отаршыларының зорлық-зомбылығын шектеп, Жайықтың оң жағалауындағы қазақ жерлерін сақтап қалуға септігін тигізді. Ол Батыс Қазақстанның отарлануын тежеп, әскери бекіністердің көптеп салынуына жол бермеген.
Барақтың есімі табын руының ұранына айналған. Оның ерліктері «Барақ батыр» тарихи дастанына арқау болған.
Барақ Сатыбалдыұлының ұлы Асау мен немересі Дәуіт те атақты батырлар болған. Барақ батыр мен Асау батыр Сам құмында Тұрыш ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым жерде жерленген. 1993 жылы Барақ батырдың бейітіне күмбезді кесене тұрғызылған.