Әр тамшы есептеулі
Қазақстан су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған саясатты күшейтіп келеді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға қарай заманауи технологиялар мен ірі бизнес бастамалар арқылы су үнемдеудің ауқымды кезеңі орнамақ.
Қазір су тұтынудың ең үлкен үлесі – 60 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі. Сондықтан кейінгі жылдары бұл салада су үнемдеу технологияларын енгізу қарқын алған. Бұрын су үнемдеу небәрі 30 мың гектар алқапта қолданылса, қазір аталған технология енгізіліп жатқан аумақтың жыл сайынғы өсімі 150 мың гектарды құрайды. 2030 жылға қарай көрсеткішті 1,3 миллион гектарға жеткізу жоспарланған.
– Биыл өнеркәсіп саласында өтпелі кезең аяқталады. 2027 жылға дейін барлық кәсіпорындар су тұтынуды қысқарту, шығындарды есепке алу және суды қайта пайдалану технологиясын енгізу жөніндегі бес жылдық жоспарын әзірлеуі тиіс, – дейді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су үнемдеу технологияларын өнеркәсіпке енгізу басқармасының басшысы Жәнібек Нәбиев.
Спикердің айтуынша, елде ірі және орта бизнеске жататын шамамен 5,6 мың субъект бар. Соның ішінде 93 компания өнеркәсіп саласындағы су тұтынудың 95 пайызын алып отыр. Сондықтан су үнемдеуге арналған бес жылдық жоспарларды әзірлеу талабы ең алдымен осы кәсіпорындарға қойылады.
Сонымен қатар мектеп, балабақша және әлеуметтік нысандар салу кезінде су шығынын азайтуға мүмкіндік беретін «ақылды» жүйе енгізілмек. Жүйеге сенсорлы крандар, батырмалы су ағызу құрылғылары және басқа да технологиялар қосылады.
– Су үнемдеу технологиялары қарастырылмаған ғимараттарды пайдалануға беруге жол бермейтін жаңа құрылыс стандартын әзірлеп жатырмыз. Бұл – суды үнемдеуге бағытталған нақты қадамдар, – деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрлігінде.
Нақты бағдар
Қазір кәсіпкерлерді су үнемдеу технологияларын енгізуге ынталандыру мақсатында Smart Water Zone экологиялық жобасы іске асырылуда. Жоба өндірістік кәсіпорындарда, қонақүйлерде, мейрамханаларда, сауда орталықтарында, кеңселер мен білім беру ұйымдарында қолданылатын болады. Smart Water Zone аясында әрбір ұйымның су тұтыну жүйесі жедел бағаланып, практикалық шешімдер ұсынылады. Оған қоса қатысушылардың тақырыпқа қатысты озық тәжірибелерге қол жеткізуге мүмкіндігі бар.
Ұйымдастырушылар жиналған мәліметтер негізінде сараптамалық есеп дайындауды жоспарлап отыр. Бұл есепте судың салалар бойынша жұмсалуы, нысандардың аумағы, аймақтық ерекшеліктер мен суды үнемдеу серпіні талданады. Сондай-ақ суды тиімді пайдалануды арттыру бойынша нақты ұсыныстар беріледі.
Жобаны бастау үшін Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен «Green Urban» қауымдастығы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Құжат аясында Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы қатысушы компаниялардың суды тұтыну көлемін бағалап, су үнемдеу тәсілдерін енгізуге әдістемелік қолдау көрсетеді.
– Жаңа Су кодексі бизнеске нақты бағыт-бағдар берді: бүгін суды өз еркімен үнемдей білген кәсіпкер ертеңгі талапқа дайын болады. Бизнестің суды аз пайдалануы – жай артықшылық емес, өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды мәселе. Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығында әр сала бойынша су тұтынудың талдау базасы бар. Компаниялар Smart Water Zone жобасына қатысу арқылы өз көрсеткіштерін салалық нормативтермен салыстырып, су шығынын азайтудың нақты шараларын әзірлей алады, — деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанна Қазжанова.
Ұйымдастырушылар бұған дейінгі осы тәріздес Smart Plastic Zone бастамасын қолға алған еді. Сол кезеңде Smart Plastic Zone жобасына еліміздің түкпір-түкпірінен 70-тен астам компания қатысты.
Еске салайық, былтыр су үнемдеу технологиялары арқылы 874 млн текше метр су үнемделді.
Сонымен қатар Орталық Азиядағы су мәселесі өңірлік саясатқа қалай әсер ететінін жаздық.