Айта кетейік, Жаңаөзен қаласына келген комиссия мүшелері бірінші кезекте қираған ғимараттарды аралап көрді. 46 нысан толықтай немесе ішінара бүлінген. Олардың басым бөлігі дүкендер мен сауда үйлері. Алдағы уақытта комиссия келтірілген шығындардың көлемін анықтайтын болады.
Жаңаөзен көшелеріндегі тәртіп сақшыларымен де кездескен Ө.Шөкеев: «Алдағы уақытта барлық азаматтар халық ішіндегі тыныштық пен тұрақтылықтың басты құндылық екенін түсінуі қажет. Сіздерге өз қызметтеріңізді ойдағыдай атқару үшін тиісті жағдайды командирлеріңіз, жергілікті билік және үкімет толық қамтамасыз ететін болады», - деді.
Қазіргі уақытта Жаңаөзендегі жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары мен әскерилер өз қызметтерін қалыпты атқаруда. Қаланың барлық аймақтарында тексеру орындары жұмыс істеуде. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елдің түрлі аймақтарынан 10 мыңға жуық полиция қызметкерлері жұмылдырылған.