Баку портының директоры Талех Зиядов «ҚазАқпарат» ХАА-ның Әзербайжандағы меншікті тілшісіне берген сұхбатында Алят кентінде жаңадан салынып жатқан Баку халықаралық сауда порты жайлы айтып берді. Оның бірінші кезеңі биыл бітеді.
Порт әрі авто және теміржол көлігіне арналған терминал, әрі еркін экономикалық аймақтың міндетін атқарады. Бірінші кезеңі пайдалануға берілген соң порт жылына 100 мың контейнер және 15 млн тонна жүк қабылдай алады. Ал екінші кезеңі аяқталса 25 млн тонна жүк пен 500 мың контейнерге қуаты жетеді. Оны жылына 1 млн контейнерге дейін жеткізу мүмкіндігі бар.
Порт Еуропаны Орталық Азия және Қытаймен байланыстыратын «Еуропа-Кавказ-Азия» көлік дәлізінің, сондай-ақ Ресейді Таяу Шығыс және Үнді мұхитымен байланыстыратын «Солтүстік-Оңтүстік» көлік бағдарының маңызды пунктіне айналады.
Талех Зиядовтың айтуынша, Алят кентінің таңдалуы тегін емес. Ол «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» теміржол бағдарларының қиылысында орын тепкен.
Қазақстан, Ресей секілді жер көлемі үлкен мемлекеттер транзиттік жүк тасымалынан қыруар табыс алады. Әзербайжан үшін де транзит маңызды салалардың бірі.
Т. Зиядов Маңғыстау облысында Құрық портының және Ақтауда заманауи терминалдың ашылуы Қазақстан және Әзербайжан тарапына жүк тасымалын іске асыруға көп көмегін тигізеді.
«Қазақстан мен Әзербайжан өздерінің көлік-логистикалық инфрақұрылым жобаларын қатар іске асырып келеді, барлық логистиканы сәйкестендіру жүріп жатыр, мұның маңызы орасан зор. Егер тараптардың бірі бұған жете назар аудармағанда, жүк тасымалына қатысты қиындықтар туындауы мүмкін еді. Қазір ең үлкен трафик Орталық Азиядағы басты серіктестерге - Қазақстан мен Түрікменстанға кетіп жатыр. Сол жерден Өзбекстанға, Қытайға, оңтүстікке қарай Ауғанстанға жол ашылады. Астана халықаралық нарыққа шығуға мүдделі болғандықтан, бізге транзиттің Қазақстан бөлігі өте маңызды. Қазақстан халықаралық нарыққа Иран, Ресей және Әзербайжан арқылы шығуына болады», - дейді ол.
Соңғы жылдары Құрық портынан теміржол және паром арқылы жүк тасымалы көлемі артып келеді. Болашақта Ақтау арқылы да контейнерлер тасымалдануы мүмкін.
«Екінші тармақ - Қытайға бағытталады. Оңтүстік Еуропаға, Түркияға баратын трафик Қазақстан, Азербайжан арқылы өтуі мүмкін. Бұл бағыттарда жүкті контейнерге тиеуге көп уақыт кетуі мүмкін. Өйткені жүктің басым бөлігі вагонмен келеді. Посткеңестік кеңістікте логистика аса қатты дамыған деп айта алмаймыз», - дейді Т. Зиядов.
«Қазақстанда Қытайдан келетін жүк тасымалы жақсы қалыптасқан. Қазақстанның өзінен, Омбыдан, Қытайдан шыққан паромдарды, контейнерлерді Әзербайжан, Түркия, Грузия, Жерорта теңізі, Италияға қарай БТК арқылы тасымалдауға болады. Ауғанстаннан, Түрікменстаннан, Өзбекстаннан шыққан жүктерді екі бағытқа бөлуге болады. Оның бірі Қазақстан арқылы, екіншісі Түрікменстан арқылы өтеді», - дейді ол.
Порт басшысының айтуынша, еркін экономикалық аймақтар әлемде өте көп. Дегенмен оның барлығы да бәсекеге төзімді емес.
«Бұл ретте заңнама базасының орны ерекше. Қазіргі кезде Әзербайжанда «Алят» ЕЭА туралы заң жобасы әзірленіп, парламенттің қарауында жатыр. Милли Меджлис заңды қабылдаса, өңірде арнайы роуд-шоу өтеді. ЕЭА-ға Қазақстан, Ресей, Қытай, Еуропа компаниялары қызығушылық танытып отыр», - дейді директор.
Оның пікіріне қарағанда, инфрақұрылымның жалпы дамуы тасымалданатын шикізаттар мен өнімдерге қойылатын бағалар мен тарифтердің қысқаруына ықпал етеді.
Мәліметтер бойынша, 2017 жылы Әзербайжан портынан Баку-Ақтау-Баку бағдары бойынша 6 124 вагон, Баку-Құрық-Баку бағдарымен 21 062 вагон жүріп өткен. Әзербайжаннан Қазақстанға және Түрікменстанға жолаушы тасымалы 33 129 адамға жеткен.