«Бас-басына басқарма үлестіріліп еді...» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 17 қаңтар, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисеновпен арадағы сұхбат «Елдікті сақтау - еңселі міндет» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап береген ғалым: «Жиырма жыл тарихи уақыт өлшемімен алып қарағанда, шынында да өте аз уақыт. Осыншама қысқа уақыттың ішінде еліміздің биік белестерден көрінуіне бірнеше жағдай әсер етті деп ойлаймын. Бұл ретте негізгі факторлардың қатарына алдымен жүйе құрушы ұлт ретінде қазақ халқының қауымдаса өмір сүруге деген бейбітсүйгіштік дүниетанымын жатқызуға болады. Әлемдік дағдарыс басталғаннан бергі уақыт белесінде жаһан ғалымдары ұлтымыздың бұл ерекше қасиетін толеранттылық феномені ретінде қарастырып, басқаларға үлгі етіп келеді. Ендігі бір фактор осы бейбіт өмірге деген құштарлықтан туындайтын табиғи ресурстарға бай мемлекеттің инвестициялық тартымдылығы болса керек. Оңтайлы инвестициялық климат қалыптастыра білген және ол үшін ішкі саяси тұрақтылықты бас­ты ұлттық құндылық санатында насихаттай алған мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Ел ішіндегі ауызбіршілік пен түсіністік, ең бас­тысы, тәуелсіз ел болуға деген халқымыздың ықыласы мен Тұңғыш Президентіміздің арман-тілегінің бір мақсатта болуы бізді осындай биік белестерге жеткізді», - дейді.

Осы басылымның жазуынша, Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың сессиясында балалардың құқығын қорғау жөніндегі басқарма облыстық білім беру басқармасымен; қоршаған ортаны қорғау және жер қойнауын пайдалану, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы; кәсіпкерлік және сауда; туризм, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама бөлімдерінің бірігетіні, құрылыс басқармасы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қосылатыны хабарланды. «Енді басталған оңтайландыру жүйесі облыстағы алда атқа­­ры­лар жұмыстар үшін тиімді жол. Мысалы, облысқа дәл осы қазіргі уақытта туризм бас­қармасы қажет пе еді?.. Біз әуелі әлеуметтік салаларды - ауыл­дардағы жол, ауызсу, денсаулық сақтау, мәдениет саласы, мектеп, балабақшаларды толық жөнге келтіріп, халықтың көңілінен шығып алайық та. Ауылға тұрғын үйлер салайық. Жастар ауылға барсын. Лебяжі ауданында дәрігерлер түгелдей зейнет жасына жетіп қалыпты. Ал, туризм басқармасы, тіпті, ашылғанына бір ай уақыт болмай жатып-ақ, қыруар қаражат жұмсап халықаралық форум ба, көрме ме өткізіп те үлгер­ді. Мұрағатшы-құжаттамашы­лар да бір бас­қарманың тізгінін ұс­тап отыр еді, енді мәдениет бас­­қармасына қосылып оңтай­ланды. Бұған дейін мұра­ғат­шы-құжаттамашылар өз бас­қар­маларындағы мұрағат-құ­жаттамаларға байланысты туындаған біраз мәселелерді Мәдениет және ақпарат министр­лігіне жеткізе алмай жүріп еді, енді іздегенге сұраған», - делінген «Бас-басына басқарма үлестіріліп еді...» деген тақырыптағы мақалада.

***

«Қашағанды» игерушілерге апат кесірінен экологиялық зардап келтіргендері үшін де, сондай-ақ кен орнының жұмысын тоқтатып қойғандары үшін де айыппұл салынатын болады. «Айқын» газетінің жазуынша, бұл туралы кеше «KAZENERGY» Қауымдастығы кеңесінің 15-отырысында Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді. ««Қашағанның» игілігін Қазақстан өткен жылы-ақ көре бастауға тиіс еді. Әлемдегі алыптардың қатарында саналатын осы кен орнынан 2013 жылғы 11 қыркүйекте мұнай өндіру басталған, алайда 24 қыркүйек күні игеру тоқтатылды. Өйткені «Болашақ» зауытына «Д» аралынан шикізат жеткізетін жерүсті тұрбақұбырынан газдың «ағып» кетіп жатқаны анықталған. Тиісті жік-жап­сарлар ауыстырылғаннан кейін кен өндіру қайта жанданып еді, бірақ 9 қазанда барлық жұмыстар қайтадан қаңтарылды: газдың бәрібір жолай босқа шығын болып жатқандығы әшкереленген. Игеруші компанияның түсіндіруінше, бұған сульфидтік қо­сылыстардың ықпалымен тұрбақұ­бырдың шытынауы себепші болыпты», - деп жазады басылым. Басылымның жазуына қарағанда, министрлік алып ке­ніштің «қара алтыны» мен «көгілдір отынының» биыл-ақ үлкен нарыққа жол тартатындығына сенімді: ол «Қашағанды» 2014 жылғы мұнай өнді­рудің болжамдық жоспарына енгізіп қойыпты. Ұзақбай Қарабалиннің мәліме­тінше, 2013 жылы Қазақстан 81,7 миллион тонна мұнай өндірген екен, бұл алдыңғы жылғыдан 3,2 пайызға көп. Мақала «Қашағанды» игерушілерге айыппұл салынады» деген тақырыппен берілген.

«Қазақстан - әлемдегі астық экспорттайтын ірі елдердің бірі. Жыл сайын бізде орташа 20 миллион тонна төңірегінде бидай өндіріледі. Өткен жылы Мемлекет басшысы осыншама мол өнімді тиімді пайдалану мақсатында Бірыңғай астық холдингін құру туралы тапсырма берді. Ол құрылды да, бірақ қатысушыларының мүдделері сәйкес келмеуіне байланысты, толыққанды жұмыс істеп кетуі екіталай. Қараша айында Бірыңғай астық холдингі Қоғамдық кеңесінің отырысында оның 11 мүшесінің 5-еуі жиналыстан айғай-шумен шығып кетті», - деп жазады «Айқын» газеті жұма күнгі санындағы «Мүдделер неге тоғыспады?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, атын атамауды өтінген ірі аграрлық бизнестің бір өкілі: «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» өз қатарларын өте шеберлікпен «тазалап» алды. Іс жүзінде оларға ашықтық қажет емес, ал Қоғамдық кеңес тек өкілетті ұйым ретінде ғана керек. Оларға пікірталастың қажеті не? Қазір олар «біз астық өндірушілерміз» дей отырып, өте ұқыптылықпен фермерлерді өз тараптастары етіп алды да, оларды трейдерлер мен ұн өндірушілерге қарсы қойды. Негізінде астық сатып алушы ретінде олар да салыстырмалы түрде оның арзан болуына мүдделі. Ал жиналысқа қатыспағаны үшін оқу орындарындағыдай ірі агрокәсіпкерлерді қоғамдық кеңестің мүшелігінен шығаруды мен тіпті түсінбеймін. Қоғамдық кеңестің құрамына тек қана тікелей ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді қабылдау жөнінде бірауыздан шешім қабылданды», - дейді.