***
Бүгінде Қазақстанда автокөлік сатып алушылар қатары жылдан-жылға көбейе түсуде. Халықтың басым көпшілігінің сатып алып жатқандары қалтаға күш түсіретін қымбат автомобильдер емес, негізінен 10-15 жыл, кейде тіпті одан да көп қолданыста болған ескі автокөліктер. Соған сәйкес олардың бағалары да арзан. Автоәуесқойлардың 20-30 пайызы жаңа көлік сатып алғанды қалайды. Ол үшін, әрине, өздерін ресми дилерлер санайтындардың автосалондарына баруға тура келеді. Шүкір, ондайлар қазіргі таңда Қазақстанда аз емес. Бірақ... Мәселенің мәнісі де дәл осы дилерлерде. Олар бағаны қалталарынан суырып алады да, «алсаң ал, алмасаң қой» деп шіреніп отырады. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жазылған.
Газеттің жазуынша, бізде жаңа, брендті автомобильдер сату ісінде бәсекелестік орта жоқ. Сондықтан да олар бағаны шарықтата береді. Тек автомашина ғана емес, олардың қосалқы бөлшектері мен техникалық қызмет көрсетуге қатысты да дәл осы көрініс. Егер дилерлік ұйымдардың техникалық қызметінен бас тартсаң, олар машинаңның кепілді мерзімінің күші жойылады, алда-жалда автокөлігіңнен ақау шығып қалса бізге өкпелеме деп қорқытады. Қайда барсаң Қорқыттың көрі. Өйткені, монополист алдында тұтынушының таңдау мүмкіндігі шектелген.
Осыдай мәліметтерді келтіре келе, басылым жуырда Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Нұрлан Алдабергенов ресми дилерлер болып табылмайтын компанияларға Біртұтас экономикалық кеңістік аумағына брендті өнімдерді импорттауға және сатуға рұқсат беру керек деп мәлімдеме жасағанын тілге тиек етеді. Автордың жазуынша, министр өз сөзінде егер осы мәселе оңтайлы шешілер болса, автомобильдердің қосалқы бөлшектері мен материалдарға кететін шығындардың 60-80 пайызға арзандайтынын айтқан. Бұл деректер Ресей Жоғары экономика мектебінің Ұлттық зерттеулер институты келтірген мәліметтеріне негізделген.
Алайда, тағы бір айта кететін жайт, осы мәселенің тұтынушылар пайдасына қарай дұрыс шешілуіне прокуратура органдары қарсылық білдірген көрінеді. «Сонда біздің прокурорлар бәсекелестік орта болуы тиіс делінетін нарық экономикасының заңдарын мойындағылары келмей ме, әлде қазақстандықтар бұрынғысынша ескі машиналарды сатып алып, экологияны бүлдіре берсін дей ме? Осы жайтты естіген кейбіреулер е-е, дилер компанияларда ақша жетеді, бәрін сатып алған ғой деген де әңгіме айтып жүр», деп жазады мақала авторы. Мақала «Қазақтар қашан жаңа көлікке жариды?» деген тақырыппен берілген.
«Егемен Қазақстанның» жазуынша, кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы еліміздегі Орыс православие шіркеуінің Қазақстан және Астана митрополиті Александрды қабылдады. Дін өкілдері халықты ізгілікке, адамгершілікке шақырып, елдің бірлігін нығайту жолында бірлесе жұмыс істеу қажеттігін сөз етті. Газеттің келтіргеніндей, кездесу кезінде Ержан қажы Малғажыұлы қонаққа «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем бергенде, ол: «Уағалейкүмассалам» деп мұсылманша жауап қайырды. «Өзара түсіністік, діни татулық осындай өзара құрметтен бастау алса керек», деп ой түйеді автор. Мақала «Бас мүфти: «Ассалаумағалейкүм!» Митрополит: «Уағалейкүмассалам!» деген тақырыппен берілген.
Бүгінгі әлемдегі ең үлкен, ең бай халықаралық бірлестік Еуропалық экономикалық және саяси одақ Еуроодақ болып саналады. Оның құрамына қазір Еуропаның 27 мемлекеті енген. Бұл Одақ 1992 жылғы Нидерландының Маастрихт қаласында 1992 жылы қол қойылған келісімшарттың негізінде өмірге келді. 500 млн.-ға жуық тұрғыны бар елдердің басын біріктіріп отырған Одақ қазір әлемдегі ішкі жалпы өнімнің 30 пайызына жуығын шығарады. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жазып отыр.
Басылымның атап өтуінше, бүгінгі күні біздің еліміз бен Еуроодақ арасындағы екіжақты тауар айналымның көлемі 50 млрд. долларға жетіп, ол Қазақстанның ең үлкен сауда әріптесі болып отыр. Сонымен бірге, Қазақстан экономикасына салынған шетелдік инвестицияның үштен бірден артығы да Еуроодақ елдерінің үлесіне тиеді. Мақала «Еуроодақ еліміздің ең басты экономикалық әріптесі» деген тақырыппен берілген.
***
«Литер» газетінің жазуынша, ертең Мұхтар Әуезов атындағы театрда тұңғыш рет Антон Чеховтың атақты «Три сестры» пьесасы қазақ тілінде сахналанады. Қоюшы режиссері Қазақстанның халық әртісі Рубен Андреасян.
Басылымның тап өтуінше, туынды қазақ тілінде тұңғыш рет қойылайын деп отыр. Оның қазақша аудармасын белгілі әдебиет сыншысы, мәдениет майталманы,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова жасаған.