14:15, 03 Сәуір 2009
Бас прокуратура басқа да құқық қорғау органдарының ішінде үйлестірушілік, ұйымдастырушылық рөлін арттыруға тиісті ? Қ. Мәми
АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бас прокуратура басқа да құқық қорғау органдарының ішінде үйлестірушілік, ұйымдастырушылық рөлін арттыруға тиісті.
Бүгін ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин ҚР Бас Прокуратурасының ұжымына жаңа басшы Қайрат Мәмиді таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы мен Президент Әкімшілігінің және сенаторлардың биік лауазымды сеніп тапсырып отырғанына алғысымды білдіремін. Қай қызметте жүрсем де, енді прокуратура басшылығында да Ата заңымызда көрсетілген талаптарды сақтауға, Қазақстан үшін ең қымбат болып табылатын тәуелсіздігімізді қырағылықпен сақтауға және Бас прокуратураның рөлін көтеруге күш саламын. Бас прокуратураның басқа да құқық қорғау органдарының ішінде үйлестірушілік, ұйымдастырушылық рөлін арттыруға жұмыс жасаймын. Жалпы, құқық қорғау органдарының әрқайсысы әр саққа жүгірмей-ақ, бір қолдан жең, бір жағадан бас шығара алатындай ұйымшыл болуы тиіс деп ойлаймын және осы бағыттағы шараларға назар аударамын», - деді Қ. Мәми. Сонымен бірге, Бас прокурор әр уақыттың өз талабы болатынын айта отырып, қазіргі таңға дейін прокуратура саласы жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті, ұжыммен бірлесе сапалы шаралар атқаруға уәде берді.