Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченконың жетекшілігімен өтіп жатқан шараға «Атамекен одағы» ҰЭП» Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қатысып, қаралған мәселелерді талқылауға аумақтық прокурорлар бейнебайланыс арқылы шықты.
Кеңесте бизнес қауымдастығының жекелеген арыздары мен өтініштері негізінде кәсіпкерлерде туындаған проблемалар талқыланған болатын. «Атамекен одағы» ҰЭП-ның бұндай бастамасының маңызы зор. Ал бүгін қаралатын өтініштер мен арыз-шағымдар түйткілді деп атауға болады. Өйткені, кәсіпкерлікке қатысты орын алған бұл мәселелер көпшілік арасында біршама әңгіме болып та жүр. Түрлі бағыттағы ақпараттар да келіп жатыр», - деді жиынды ашқан Бас прокурордың орынбасары А. Кравченко.
Сонымен қатар, прокурор былтырғы жылдың қорытындыларына тоқтала келе, бизнесті қорғау бағытында атқарылған бірқатар маңызды шараларға тоқталып өтті. «2012 жылы кәсіпкерлікті тексеруге қатысты бақылау-қадағалау органдарының актілерін міндетті түрде тіркеу туралы норманы заң жүзінде бекіттік. Біздің ойымызша, бұның өзі тексерістердің қалыпты, дұрыс жағдайға түсуіне көп септігін тигізіп отыр. Кәсіпкерлер Бас прокуратурадан тексеруге қатысты кез келген ақпаратты ала алады. Құқықтық статистика комитеті бұған баса назар аударуда. Сондықтан да кез келген кәсіпкер «СМС» хабарламасын 1012 нөміріне жіберу арқылы бірден әлгіндей тексерулердің тіркелгенін және оны кімнің тіркегенін дереу біле алады», - деді А. Кравченко. Оның айтуынша, былтырғы жылы шаруашылық субъектілерінің қызметіне кедергі келтіретін кез келген фактілерге жедел ден қоятын арнайы топ құрылған. Бұндай жедел топтар әрбір аудандық, қалалық прокуратура жанында қызмет етуді жалғастыруда. «Бұндай жедел топтарға шағым-хаттар 2011 жылы оншақты ғана келіп түссе, былтыр айына жүздеген арыздар түсіп жатты», - дейді Бас прокурордың орынбасары.