***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлия Бейсенованың «Күнімізді шуақты ету - елімізді қуатты ету» деген тақырыппен берілді. Мақала авторының жазуынша, Қандай ел болмасын оның дамуының, қалыптасуының ұзақ тарихы бар. Бір-бірімен жалғасып жатқан мәдени мұралары бар. Халықтың ой-өрісі дамыған елдермен тепе-тең тұрып сөйлесіп, өз пікірін өткізе алатын ТМД елдеріндегі ерекше тұлға - біздің Елбасымыз. «Ұзақ уақыттан бері көптеген форумдарға қатысып жүргендегі менің түйген ойым, жасалып жатқан жұмыстардың бәрі бізді жігерлендіреді, қанаттандырады. Сонымен бірге, Елбасы айтқан идеялардың өзімізде кейде іске аспай қалатынын да ашық айтуымыз керек. Қазақстанда экологиялық жағдайдың ауырлығы аз сөз болып жүрген жоқ. Бұл жөнінде Елбасының өзі де талай айтқан. Мемлекет басшысының нұсқауымен осыдан төрт-бес жыл бұрын «Экологиялық қауіпсіздік» тұжырымдамасы қабылданған. Онда мемлекеттегі экологиялық проблемаларды шешу үшін экологиялық білімді дамыту қажеттігі, жалпы халықты экологиялық сауаттандыру шараларын жүргізу сөз болды. Ал қазір соның бірі де іске асқан жоқ. Тіпті, кейбір басшылар экология десең, шошынып қарайды. Сол экологияны мектепте пән ретінде оқыту үшін кезінде оқулықтар да дайындалды. Әуелде оны мектеп кестесіне кіргізген министрлік кейін өз ұсыныстарынан өздері бас тартты. Экологиялық мәселені шешу үшін болашақ жастарға табиғаттың болмысын сақтауда ағаш отырғызу жеткіліксіз. Экологиялық кадрлар дайындап, бұл жүйеде арнайы білім берудің жолдарын қарастыру әбден қажет», - дейді академик.
Ел газеті «Егемен Қазақстанның» жазуынша, биылғы Сочи Олимпиадасында Қазақстан спортшылары чемпион атанып немесе жүлделі орындарды иеленіп жатса, қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекет тарапынан қомақты сыйақыға ие болады. Былтыр Олимпия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне және олардың жаттықтырушыларына төленетін қаржы жағы министрліктер мен республикалық бюджеттік комиссияның отырыстарында қаралып, жарыстың жеңімпазы мен жүлдегерлеріне мынадай көлемде сыйақы тапсырылатыны белгілі болды. Яғни, отандастарымыз Олимпиада чемпионы атанып жатса, оған 250 мың АҚШ доллары табыс етіледі. Екінші орынға - 150 мың АҚШ доллары, үшінші орынға 75 мың АҚШ доллары берілсе, төртінші, бесінші және алтыншы орын алған спортшыларға да сыйақы тапсырылады. Онда төртінші орынға - 30 мың, бесінші орынға - 10 мың, алтыншы орынға 5 мың АҚШ доллары беріледі.
***
«Еуразиялық одақ» туралы Келісім алдағы көктемде ендігі құпталуы мүмкін. Қазақстан, Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес жиынында оны келісімнен өткізудің ақырғы датасы ретінде наурыз айын белгілеген болатын. РФ премьері Д.Медведев өз үкіметіне барлық келісу процедураларын 17 сәуірге қарай бітіруді жүктепті. Нәтижесінде, посткеңестік кеңістіктегі жаңа ұйым туралы Келісімге осы жаңа жылдың мамырында қол қойылады деп жоспарланған. Ал Еуразиялық одақ келесі 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне мінеді деп күтілуде. Қалай болғанда, ырғалып жүруге енді уақыт қалған жоқ. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Бәсекеге дайынбыз ба?» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, бұл құжаттың тым көлемді болуы қазақстандық іскерлік ортаның «үлкен қаупін» туғызып отыр. Бұл туралы олар Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен талқылау кезінде ашық айтты. ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаевтың түсіндіруінше, бұл қауіп бірінші кезекте, оны қабылдау процедурасының күрделілігімен байланысты. Еуразиялық одақ туралы келісімнің соңғы нұсқасы ендігі 800 беттен тұрады екен. Қандай да бір, тіпті шамалы өзгеріс енгізу үшін осынша ауқымды құжатты қайта ратификациялау талап етілмек.
Сондай-ақ осы басылымда «Президент және Халық» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, мәдениет қайраткері, профессор Марат Тоқашбаевпен арадағы сұхбат «Ұлттық идеология - мемлекеттің иммунитеті» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Іс жүзінде патриотизм орасан кеміді. Бірқатар ата-аналар ойлайды: «Баламыз әскерде кімді қорғайды?» деп. Иә, кімді? Бір топ бай-манапты ма? Сондықтан өзі де аяқ баспайды, баласын да жібергісі келмейді. Мектептерде, балабақшаларда отаншылдық жөнінде тақпақ үйретеді, азды-көпті патриоттық сезімдер ұялатылады. Бойында «қазақпын» деген ой қалуы мүмкін, бірақ жеме-жемге келгенде, яғни таңдау пайда болған кезде патриотизм ұтылып қалады. Қарапайым мысал, осыдан екі-үш апта бұрын ҚазАқпаратта мынадай ақпарат жарияланды. Биылғы жылы қазан айында Қызылорда облысынан 5 жарым мың жігіт әскерге шақырылу керек екен. Соның 2 мыңдайы әскерден жалтарады. Неге бұлай? Іс жүзінде Отан өзіміздікі, мемлекет өзіміздікі, осыны өзіміз қорғауымыз керек емес пе?! Қолына қару алып, ертеңгі күні алғы шепте жүретін жігіттеріміз неге қашады? Себеп - патриотизм кеміген», - дейді.