Баспа ісін оқыту арқылы ең ауқатты адамдардың қатарын көбейтеміз - баспасөзге шолу

АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 20 шілде, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Қазақ жылқысы туралы осы уақытқа дейін біраз дүниелер жарық көрді десек те, бұл тақырыпты кешенді түрде алып қарастырған, терең зерттеген бір де бір іргелі еңбек жарық көрмегені шындық. Осы тақырыпты көп жылдар бойы тұрақты зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабайдың «Алматыкітап» баспасынан шыққан «Қазақ жылқысының тарихы» атты кітабы осы олқылықтың орнын толтырды десек қателеспейміз, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Қазақстан қанаты» атты мақалада.

Басылымның жазуынша, бұл кітапта қазақ жылқысының тарихы кешенді түрде, тарихи даму барысында қарастырылып, кеңінен, терең зерттелген. Кітап жылқы малының қазақ мәдениетіндегі алар орнын, оның қазақтың этнографиялық тұрмысының әртүрлі салаларымен байланысын, жылқы тарихының әртүрлі аспектілерін жан-жақты ашып көрсететін «Қазақ жері - жылқының отаны», «Қазақтың байырғы жылқы тұқымдары», «Ер-тұрман», «Жылқыдан алынатын өнімдер», «Аттың бабы мен сыны», «Жылқы және халықтық мерекелер», «Жылқы және әскери іс», «Қазақтың әдеттік құқығындағы жылқының орны мен рөлі», «Жылқы және рухани әлем» сияқты аталатын бірнеше бөлімдерден тұрады.

Өз еңбегінде автор археологиялық, этнографиялық материалдарды, көне жазбаша және ауызша деректемелерді, түрлі архив құжаттарының мәліметтерін өте мол пайдаланған. Қазақстанның ғана емес, Ресейдің, Өзбекстанның, Қытай Халық Республикасының, Моңғолияның мұрағаттарынан көптеген тың мәліметтер жинаған, этнографиялық ғылыми-зерттеу талаптарына сай жазба, құжаттық, ауызша деректермен қоса көптеген ақпарат берушілермен тікелей жұмыс істеген.

Кітапта жылқының ең алғашқы рет Қазақстан жерінде қолға үйретілгені мақтанышпен баяндалып, оған энолит дәуіріне (б.д. дейінгі IV-III мыңжылдық) жататын Ботай қонысының материалдары арқылы көз жеткізіледі.

Кітапта сондай-ақ, қазіргі жылқының арғы тегі туралы тың деректер, қазақ жылқысының түрлі тұқымдары, әлемге белгілі басқа да елдердің арғымақтары жөнінде көптеген деректер келтіріледі.

Автор грек, латын, қытай, парсы, орыс деректерін, археологиялық мағлұматтарды, т.б. салыстыра отырып, ежелгі Грекия мен Римнің, бүкіл Еуропаның, ортағасырлық Русьтің, көне Қытайдың жылқыны және жылқы мәдениетін Орталық Азия көшпенділерінен, оның ішінде қазақтың ата-бабаларынан алғанын дәлелдеп берген.

«Алматыкітап» баспасы шыққанына екі жыл болған кітапты орыс тіліне аударуды аяқтап, алда ағылшын, қытай тілдеріне аударып, ЭКСПО көрмесіне қоймақшы көрінеді.

Қазіргі таңда, еліміздің жер ресурстарының 80 пайызы ауыл шаруашылығына жарамды жерлер, ал оның 70 пайызы жайылымдық жерлер болып табылады, яғни бір малдың шартты басына шаққанда 20 гектар жайылымдық жер бар. Сондықтан бізде болашақта индустриялық-инновациялық дамыған алдыңғы қатардағы аграрлық мемлекет болуға мүмкіндік жеткілікті.

Алайда, бүгінде ауыл шаруашылығына жарамды 188 млн. гектар жердің 48 млн. гектары куаңшылыққа және 27 млн. гектары деградацияға ұшыраған. Оның үстіне, жайылымдық жер көлеміміз бойынша Австралия, Аргентина, АҚШ және Бразилиядан кейін бесінші орында тұрсақ та, Бүкіләлемдік экономикалық форум сарапшыларының жасаған талдауы бойынша Қазақстан ауыл шаруашылығының дамуы жөнінен 142 елдің ішінде 72-орында қалып отыр. Ал бұрынғы кеңестік республикалар: Эстония - 33, Литва - 44, Әзербайжан - 55, Латвия - 64, Ресей 66-орында.

Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті «Жайылым мәселесі заңнамалық тұрғыда реттелуі тиіс» деген мақаласында жазады.

Басылымның жазуынша, ел халқының 47 пайызын құрап отырған ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі болып табылатын қосалқы шаруашылықтарындағы жеке меншік малдарын жайылымдармен қамтамасыз ету - қазіргі кездегі аса өзекті мәселе. Себебі, ірі қара малдың - 82,4, қой мен ешкінің - 70,2, жылқы малының 72%-ы ауыл тұрғындарының меншігінде. Осы себепті, ауыл тұрғындарының жеке меншігіндегі малдарын ұстау және оларды жемшөппен қамтамасыз ету мәселесі жыл өткен сайын күрделене түсуде. Аталған мәселенің өткірлігіне байланысты және де оның келеңсіз әлеуметтік салдарларға соқтыру ықтималдығының алдын алу мақсатында жайылым пайдалануды құқықтық реттеуді қамтамасыз ету бүгінгі күннің ең басты шарттарының бірі.

Осыған байланысты, Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің бір топ депутаты әзірлеген заң жобасы жайылымдарды тиімді, ұтымды пайдалануға байланысты қатынастарды реттеуге арналып, жайылымдар инфрақұрылымының жай-күйін жақсартуға, жайылымдық жерлердің тозу процестерін болдырмауға және қор­шаған ортадағы жайылым экожүйелерінің экологиялық тұтастығын сақтауға бағытталған.

Мақала авторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаевтың жазуынша, Заң жобасының ең басты мақсаты халықты сапалы әрі арзан мал өнімдерімен қамтамасыз етуге, ет экспортының әлеуетін арттырып, жеке қосалқы шаруашылықтар мен шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға, мал басын арттыруға, жемшөп қорын құруға, сондай-ақ, экологиялық тұрғыдан таза мал шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге жағдай жасау болып табылады.

***

Он екі айдың сұлтаны Рамазан айында облыстық «Қазақстан-Атырау» телеарнасы күнделікті жарнаманың орнына хадистер топтамасын ұсынуда. «Айқын» газетінің жазуынша, нәтижесінде атыраулықтар қасиетті Рамазан айының маңызы мен ерекшеліктеріне күн өткен сайын қаныға түсуде. Облыстық телеарнадағы түсірілімдегі хадистердің тақырыптары ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның хадистерінен алынуда. Ислам дінінің маңыздылығы облыстық телеарна арқылы «Рамазан айы келгенде», «Рамазан айының қасиеті», «Оразаның артықшылықтары», «Адамгершілік - арың», «Отанды сүю - иманнан», «Имандылық - басты байлығың» секілді тәрбиелік мән-мағынасы зор тақырыптардың аясында бұқара халыққа насихатталуда.

Рамазан айынан соң да бұл жоба телеарнаның «Иман нұры» атты жобасында жаңа форматта шығатын болады. Сайып келгенде бұл жоба діннен хабары жоқ, болса да, терең білімі жоқ мұсылман қауымның діннен сауатты болып, өзге ағымдардың насихатынан аулақ жүруге бірден-бір себепкер болатын ұтымды жоба екені сөзсіз, деп жазады басылым. Мақала «Хадистер жарнама орнын басты» деген тақырыппен берілген.

Баспагерлер - әлемдегі ең бай адамдар. Өйткені олар ешқашан ұтылған емес. Ұтылмайтын себебі - олардың байлығы екі арнадан келіп тоғысады. Басқаларға қарағанда, олардың байлығы тіпті өлшеуге келмейді. Өлшеуге келмейтін байлығы - оның рухани байлығы. Адамзат ақыл-ойының алтын қорын жинап алып, тасқа басып сатады, таратады, тарихта қалдырады, сонымен бірге өзінің сана қорына да жинайды. Бұл байлыққа кенелгендердің қоржынындағы ақша асып-төгіліп жатады.

Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Баспа ісін оқыту арқылы ең ауқатты адамдардың қатарын көбейтеміз» атты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультеті Баспа ісі және дизайн кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубекұлымен болған сұхбатта берілген.

С. Медеубекұлының айтуынша, Мұхаметжан Сералин, Жүсіпбекқожа Шайхисламұлы, Ақылбек Сабалұлы, Кашафуддинов Шахмардан, Ахмет Байтұрсынов секілді баспагерліктің қазақ даласында бүр жаруына септігін тигізген қайраткерлер көздері тірісінде-ақ халық алдында ең беделді адамдар қатарында болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда да жекеменшік баспалар пайда болды. «Ататек» баспасы ең алғашқы жекеменшік баспа ретінде әжептәуір іс тындырды. «Атамұра» жекеменшік баспасы кейін ірі корпорацияға айналды. «Мектеп», «Алматыкітап», «Дәуір», «Аруна», т.б. баспалар қазір ел ішінде үлкен беделге ие.

«Ал енді әлемде баспагерлік кәсіппен байыған адамдарды ең бай адамдар қатарына қосады. Солар басқарып отырған конгломераттар мен корпорациялар, компаниялар мен серіктестіктер өз қоржындарында миллиардтап ақша айналдырып отырады. Ондай мекемелердің жыл сайын рейтингі де шығарылып отырады. Соңғы мәліметтерге сүйенсем, мысалы, Ұлыбританияда «Pearson» - 5,290 млрд еуро; Ұлыбритания мен Нидерландыға ортақ компания «Reed Elsevier» - 5,024 млрд еуро; Канадада «ThomsonReuters» - 3,813млрд еуро;Нидерландыда «Wolters Kluwer» - 3,425млрд еуро; Германияда «Bertelsmann» - 2,969 млрд еуро; Францияда «Hachette Livre « - 2,273 млрд еуро; Испанияда «Grupo Planeta» - 1,804 млрд еуро; АҚШ-та «McGraw - Hill Education» - 1,666 млрд еуро; Италияда «De Agostini Editore « - 1,616 млрд еуро қаржысымен әлемдегі елу ірі баспагерлердің алғашқы ондығында», - дейді ол.