«Баспанаға бағаның күрт өсуі болжанып отырған жоқ» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 7 қараша, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Француз Республикасында ресми сапармен жүрген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше штаб-пәтері Париж қаласында орналасқан ЮНЕСКО-ның 38-ші Бас конференциясына қатысты. Бұл конференцияның аталған халықаралық ұйымның 70 жылдық мерейтойымен сәйкес ұйымдастырылғанын айта кеткен абзал», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, Елбасы ұйымның Бас конференциясына қатысып, бастан-аяқ мемлекеттік тілде сөйледі. Қазақстан Президенті өзінің сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі ЮНЕСКО-ның алатын орны айрықша екенін, осыдан 70 жыл бұрын құрылған бұл ұйым «адамзаттың ар-ұжданы» деп аталатынын атап өтті. Сондай-ақ, ұйымның адамзаттық тарихи-мәдени мұраларды сақтау ісіне, білім, ғылым, коммуникация салаларындағы халықаралық байланыстар аясын кеңейтуге зор үлес қосқандығына тоқталды. Қазақстанның ЮНЕСКО-ның қызметін толық қолдайтынын айтты. «Бұл ұйымның негізгі басымдығы Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму мақсатының маңызды бағыты болып саналады. Мен осы мінберден 20 жыл бұрын, тәуелсіздігіміздің таңсәрі шағында жас мемлекеттің мақсат-міндеттері туралы баяндаған едім. Бүгінде біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Мыңжылдық даму мақсаттарының көбіне қол жеткіздік», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мақала «Салиқалы сапар» деген тақырыппен берілген.

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының іске асыруы жайы талқыланды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Баспанаға бағаның күрт өсуі болжанып отырған жоқ» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, Жиын барысында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Болат Палымбетов аталған акционерлік қоғам өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде жекеменшік компаниялармен әріптестік орната отырып, шамамен 585 мың шаршы метр тұрғын-жай құрылысын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын білесіздер. 2012 жылы бір шаршы метр баспананың өзіндік құны, яғни біз құрылыс компанияларымен келісімшарттар бекіткен кезде өңірлерде 1 шаршы метр үшін 120 мың теңге, ал Алматы, Астана Атырау және Ақтауда 150 мың теңге болды. 2013-2014 жылдары өңірлерде 132 мың теңге, Алматы мен Астанада 164 мың теңге деңгейінде қалыптасты. Бүгінде өңірлерде шаршы метр 137 мың теңге тұрса, Алматы, Астана, Атырау және Ақтауда 171 мың теңге. Жыл сайын өсім 4-4,5 пайыз деңгейінде болып отыр», деді Б.Палымбетов. Оның атап өтуінше, валюта бағамының өзгеруіне байланысты бағалардың күрт өсуі болжанып отырған жоқ. Бағаның артуын біз анықтамаймыз, яғни Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетіне сілтеме жасаймыз», - деп түсіндірді «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы.

***

«Табын айдап өртті тұмшалау Қазақ өртті «тілсіз жау» деп атаған және өрт, не от шығу қауіпсіздігін ерекше жағдайда сақтаған. Себебі, тіршілігі мал шаруашылығымен тікелей сабақтасып жататын ата-бабаларымыз ерте замандарда жайылымдарды өрттен аман сақтап қалудың небір өзіндік амалдарын қолданған» деп хжазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы « Ертеде қазақтар даладағы өртті қалай ауыздықтаған?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, жайылым жер өртенген уақытта өртті ірі қара малдың тұяғы да тоқтата алады. Өрт қаулаған кезде ел-жұрт түгелдей ірі қара мал атаулысын өрттің алдынан кесе көлденең айдайды. Үйір-үйір жылқы, мыңдаған түйе мен сиырдың, қой ешкінің тұяғы шөбі онсызда қурап, тозып тұрған жердің топырағын шығарып, ақ шаң етері сөзсіз. Лаулай жайпап келе жатқан тілсіз жау сол сәтінде шаңы аспанға шыққан топырақ аралас жолақты жолдан өтпей кілт тоқтайды.

«Айқын» газетінің жазуынша, Қаржы министрлігінің Экономикалық тергеу қызметі биылғы жылғы жұмысының алдын ала қорытындыларын шығарды. «Биылғы 9 ай ішінде шаралар қабылдау нәтижесінде, 8 мың 377 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді, деп хабарлады журналистерге арналған брифингте Профилактикалық жұмыстар және бақылау басқармасының басшысы Талғат Башев. Соның ішінде 2 мың 295 іс бойынша өндіріс аяқталды, 1 мың 654 іс ендігі сотқа бағытталды. Осы қылмыстар бойынша 67,7 миллиард теңге шығын келтірілгені анықталды. Бүгінде 32,8 миллиард теңге шығын өтелді. Шығынның орнын толтыруды қамтамасыз ету мақсатында 8,7 миллиард теңгеге бағаланатын мүлікке «тұтқын салынған». Айта кетерлігі, былтырғы жылдың сәйкес мерзімінде Қазақстанда 3,5 миллиард теңгенің мүлкі тәркіленіпті. Яғни бұл көрсеткіш 2,5 есеге артып отыр. Бұл туралы «Талан-тараж қаржының қаншасы қайтты?» тақырыбымен берілген материалдан толық таныса аласыз.