*** Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қасиетті Ұлытау төрінде берген сұхбаты бүгінде елімізде кеңінен талқыланып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде қоғам, мәдениет, өнер қайраткерлерінің пікірлері жарық көруде. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Астана қаласының әкімі Ахметжан Есімовтың мақаласы «Тізе қосатын тұсымыз - тіл» деген тақырыппен берілді. «Ойға желі, сөзге дәйек етіп отырған тіл мәселесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың киелі Ұлытау төрінде өткен сыр-сұхбатында тайға таңба басқандай айтылды. «Мемлекеттік тілдің қолданылуы, оның өркендеуі үшін барлық жағдай жасалды. Конституцияда «Мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп жазылды. Солай ғой? Ешкім де қазақ тілінде сөйлеме деп, кедергі жасап отырған бір адам жоқ. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек. Қандай мінберден қазақша сөйлесең де, ешкім «тәйт, былай тұр» деп айтпайды. Қанша адам отырса да, соларға арналған аудармасын беріп, қазақ тілінде сөйлеуге болады. Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек. Ешкім анау сөйтпеді деп уәж айтудың жөні жоқ» деп айтқан болатын. Шынында, бұл ақиқат сөз», - деп жазады автор.
А.Есімовтің жазуынша, қала бойынша бүгінде 201 мемлекеттік мектеп бар. 1989 жылы Алматыда 7 ғана қазақ мектебі болса, қазір олардың саны 62-ге жетті. Оған қоса 68 аралас мектеп бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаламызда қазақша оқитын балалар саны бар-жоғы 8 мың ғана болатын. Бүгінгі күні олардың саны 12 есеге артып отыр. Қазір Алматы мектептерінде 90 мыңнан аса оқушы қазақша оқиды. Сонымен қатар, сол кезеңде жоғары оқу орындарында қазақ тілінде оқыту тек педагогикалық мамандықтарға ғана тән болатын. Қазір барлық мамандықтар бойынша қазақша топтар ашылған. 1989 жылы қазақ тілінде оқитын студенттер 4 пайызды құраса, қазір 51 пайызға жеткен.
Мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің есімін ұлықтауға арналған іс-шаралардың бірі елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. «Орта Азия мен Қазақстанның білімі мен мәдениетін дамытудағы Т.Жүргеновтің рөлі және рухани мұрасы» деп аталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қайраткердің атқарған ерен еңбегі паш етілді. Жиынды Білім және ғылым министрлігі мен Қызылорда облысының әкімдігі ұйымдастырды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Ұлықтауға лайық тұлға» деген тақырыптағы мақалада кеңінен сөз болған. Басылымның жазуынша, жиынды ашып, алғашқы құттықтау сөз айтқан Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Т.Жүргеновтің халқы үшін атқарған еңбектеріне тоқталды, сәйкесінше, оның мерейтойын атап өту барысында ұйымдастырылған шараларды да тілге тиек етті. «Әр ұлтжанды азаматтың парызы - тарихтың ақтаңдақ беттері жайлы кейінгі ұрпақтың дұрыс түсінік қалыптастыруына атсалысу. Т.Жүргенов өз дәуірінде Шығыс пен Батыстың білімін тең игерген, қазақтың ғылымы мен білімін, мәдениетін дамытуда бар күш-жігерін жұмсаған жаңа толқын өкілдерінің бірі еді. Ол халықтың рухын көтеру мақсатында ең алғашқы музыка театрын ұйымдастырды. Қазақтың бес жүз ән-күйін құрастырған Затаевичке мол мәлімет беріп, дәстүрлі ән-күйлеріміздің бізге жетуіне көп ықпал жасады. 1934 жылы өткен слетте жасаған баяндамасында «өнер - өнер үшін емес, өнер әлеуметтің мұң-мұқтажы мен арман-тілегіне қызмет етуі тиіс» деген ұстанымын көрсеткен. Міне осындай тұлғаның есімін ұлықтау біздің мақсатымыз», - деді Премьер-Министрдің орынбасары. *** «Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысының тізгінін ұстағалы бері «Туған жерге - тағзым» атты акция аясында тұңғыш рет жерлестер форумын өткізіпті. Басқосуға өңірде өмірге келіп, бүгінде елде немесе шетелде әртүрлі салада еңбек етіп, танымал тұлғаға айналғандар арнайы шақырылған. Оларға кіндік қаны тамған жерге енді үлес қосуды сұрағасын әрқайсысы шамасына қарай белгілі бір жобаларды жүргізуге келіскен секілді. Осылайша әкімдік «жерлестер» арқылы елге инвестиция тартудың жаңа түрін тауып, биылдың өзінде 6,5 млрд теңгеге 37 жобаны жүзеге асырмақшы», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Өскеменнің «өрнегі» өзгеріп тұр» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің даму көрсеткіштерін де жан-жақты әңгімеледі. Негізі, облыс соңғы кездері қант, күріш, жұмыртқадан өзге азық-түлікті толығымен өздері қамдауға қол жеткізіп отыр. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, өңірде тұрақтандыру қорын құрып, онда 15 мың тонна халық тұтынатын өнімді жинап үлгерген. Енді алдағы қыс айларында қиналмай тіршілік кешуге мүмкіндік бар. Жалпы, таяуда Президенттің өзі ескерткен бірқатар ескертпелер бойынша олқылықтың орны толтырылып, жаңа жобалар жоспарлануда.
Осы басылымның жазуынша, Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев 29 қыркүйек күні Атырау қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің іскерлік кеңесіне қатысты мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, Қазақстан мен Ресейдің XI өңіраралық ықпалдастық форумы аясында өтетін іскерлік кеңесте қос тараптың ірі экспорттаушы компанияларының тізімі түзіледі. Сонымен қатар, Қазақстанның өнімін Ресейге экспорттау, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және екі елдің мемлекеттік органдарының арасындағы ықпалдастықты арттыру мәселелері қарастырылады. «Кеңестің алғашқы сессиясы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық байланысына арналады. Екінші сессия Еуразиялық интеграцияға екпін түсіреді. Үшінші сессия мұнай-газ саласын қамтиды. Мұнда Атыраудағы мұнай-газ кластерін одан әрі дамытудың жай-жапсары сөз болады. Ал соңғы сессияда трансшекаралық өзендер арқылы алыс-беріс жасауды жеңілдету мәселесі күн тәртібіне қойылады. Аталған шара екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, іскерлік қатынастарды арттыруға себепші болады» - деді Р.Ошақбаев. Мақала «Іскерлікке қатысты үлкен кеңес» деген тақырыппен берілген. *** Павлодар аялдамалары тегін Wi-Fi сервисімен және бейнекамералармен жабдықтала бастады, деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі санындағы «Wi-Fi на остановке» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, сымсыз ғаламторға қосылуға мүмкіндік беретін ара қашықтық шамамен 20-25 метрді құрайды. Сондықтан да ендігі уақытта көлік күткен қала тұрғындары ғаламторға еркін кіріп, жаңалықтар оқуға, электронды пошталарын қарау, әлеуметтік желілер арқылы тілдесе алады. Ал бейнекамералар болса, орнатылған техниканы бұзақылардан қорғау міндетін атқарады.