Бастауыш сынып оқушыларына баға қоюда қандай өзгерістер бар

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыдағы Ы. Алтынсарин атындағы № 159 гимназия директорының орынбасары Қалдыгүл Әмірбекова бастауыш сынып оқушыларына баға қоюда қандай өзгерістер бар екенін айтты.

Фото: Kazinform/ЖИ

Оның түсіндірмесін Оқу-ағарту министрлігі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Қалдыгүл Әмірбекованың сөзінше, 2–4-сыныптардағы бағалау тәсілдеріне біршама өзгеріс енгізілген.

— Біріншіден, формативтік бағалаудың үлесі артады. Бұған дейін оның тоқсандық бағадағы үлесі 25 пайыз болса, енді 50 пайыз болады. Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені бастауыш сыныпта баланың бір күнгі нәтижесінен гөрі, оның тоқсан бойындағы күнделікті еңбегін, сабақтағы белсенділігін және біртіндеп ілгерілеуін ескеру маңызды. Мұғалім де оқушының нәтижесін жүйелі бақылап, қай тұста қолдау қажет екенін дер кезінде көре алады, — деді ол.

Сонымен бірге, БЖБ, ТЖБ алынып тасталып, аралық бағалау енгізіледі. Енді әр бөлім аяқталғаннан кейін сол бөлім бойынша аралық бағалау жүргізіледі, ал тоқсан соңында бөлек ТЖБ болмайды. Бұл оқушыға түсетін бағалау жүктемесін азайтады. Бала тоқсан соңындағы бір жұмысқа тәуелді болмай, өзінің нәтижесін оқу барысында көрсете алады.

— Үшіншіден, бағалау тапсырмаларының мазмұны практикалық бағытқа өзгереді. Бұл — мен үшін ең маңызды өзгерістердің бірі. Себебі бастауыш сыныпта баланың ережені жатқа білуі немесе есептің жауабын дұрыс табуы ғана жеткіліксіз. Ол алған білімін қолдана білуі керек. Сондықтан тілдік пәндерде диктант, мазмұндама, шығарма оқу сауаттылығына бағытталған тапсырмалармен толықтырылды. Математикада математикалық сауаттылыққа, ал жаратылыстану мен дүниетануда зерттеу, бақылау, тәжірибе жасау және қорытынды шығару дағдыларына мән беріледі, — деді ұстаз.

Ол жазбаша жұмыстарды оқушы өз дәптерінде орындалуын да маңызды деп санайды. Себебі, бала дайын үлгіден жауап таңдамайды, өзі жазады, ойын жеткізеді, есептің шешу жолын көрсетеді. Бұл оның жазу дағдысын, каллиграфиясын, зейінін және өздігінен жұмыс істеу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Мұғалімнің айтуынша, бесіншіден, енді барлық пән бойынша баланың оқу нәтижесі ескеріледі. Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект, музыка, бейнелеу өнері, еңбекке баулу, дене шынықтыру пәндерінде де баланың жетістігі пәннің ерекшелігіне сәйкес бағаланады. Демек, ұстаздар енді шәкірттердің тек академиялық білімін емес, практикалық, шығармашылық, цифрлық және командалық дағдыларын да көре алады.

Қалдыгүл Әмірбекова тағы бір маңызды өзгеріске тоқталды. Бұдан кейін тоқсандық бағаның 50 пайызы формативтік, 50 пайызы аралық бағалау нәтижесін есептеу арқылы қойылады. Осылайша, баланың күнделікті еңбегі мен бөлімді меңгеру нәтижесі тең дәрежеде ескеріледі.

Ал мұғалімдерге модерация жүргізілмейді. Оған жұмсайтын уақытты ұстаз тиімді пайдаланып, баламен жеке жұмыс істеуі, шығармашылықпен айналысуы керек.

— Жалпы, бастауыш сынып мұғалімі ретінде жаңа тәсілдің басты артықшылығын айқын көріп тұрмын. Бағалау баланың бір реттік нәтижесіне емес, оның тұтас оқу үдерісіндегі үлгеріміне байланысты қойылады. Біздің міндетіміз — балаға тек баға қою емес, оның нені меңгергенін, қай тұста қиналып жүргенін уақытында анықтап, әрі қарай дамуына бағыт беру. Сондықтан бағалау ең алдымен баланың оқуына және дамуына қызмет етуі керек деп ойлаймын, — деп түйіндеді сөзін ұстаз.

Айта кетейік, бұған дейін Астана қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының әдіскері Ақмарал Болатқызы бастауыш сыныпта БЖБ мен ТЖБ неліктен алынып тасталғанын түсіндірген еді.

Оның сөзінше, зерттеу барысында балалардың эмоционалдық және физикалық тұрғыдан да жүктемесі байқалды. Мұғалімдер тарапынан да БЖБ мен ТЖБ артық жүктеме екені айтылды. Сол себепті бақылау және аралық бақылау жұмыстары жеңілдетілген форматта енгізіліп отыр.

Бірақ бұл бастауыш сыныптарда бақылау жұмыстары мүлде болмайды деген сөз емес. Оқушылардың білімі бұрынғыдай оқу бағдарламасы мен оқу мақсаттарына сәйкес бағаланады. Тек тапсырмалардың форматы оңай болады.

— Толығымен бұрынғы форматтан бас тарттық деп айта алмаймыз. Бағдарламаға және оқу мақсаттарына сай бақылау жұмыстары жасалады. Қазір олардың үлгілері әзірленіп, талаптары құрылып жатыр. Бірақ бұрынғыға қарағанда жеңілдетілген форматта енгізіледі, — деді маман.

Сонымен қатар, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы орта білім институты директорының орынбасары Пернегүл Таубай бастауыш сынып оқушыларына жасанды интеллектіні оқыту бойынша мәлімдеме жасаған еді.

Оның айтуынша, 1-4-сыныптарда бұрын оқытылып келген «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» болып өзгертіледі. Бұл ретте пәннің атауы ғана емес, мазмұны да жаңартылады.

— Бүгінде балалар жасанды интеллектті өз деңгейінде қолданып жүр. Сондықтан педагогтің басшылығымен оларға бірден күрделі цифрлық құралдармен жұмыс істеу емес, алдымен жасанды интеллект туралы қарапайым түсініктер мен алғашқы ұғымдар беріледі, — деді маман.

Оның айтуынша, жасанды интеллектті қауіпсіз қолдануды үйрету бастауыш сыныптардағы басты бағыттардың бірі. Жаңа бағдарламада медиасауаттылық пен жасанды интеллектке қатысты арнайы бөлім енгізіліп, онда 13-14 оқу мақсаты қамтылған. Атап айтқанда, оқушыларға жеке деректер мен ақпаратты қорғау, цифрлық қауіпсіздік, жасанды интеллектті жауапкершілікпен пайдалану және этикалық талаптарды сақтау түсіндіріледі.

Еске салайық, бұған дейін бастауыш сыныптарда бұрын бағаланбаған пәндер бойынша да бағалау жүргізілетінін жазғанбыз.