ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Аралтөбе ауылы маңындағы уақытша көпір арқылы автокөліктер тоқтаусыз өтіп жатыр.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың мәлім еткеніндей, 16 наурыз күні аталған көпірді екі жағынан су шайып кеткен болатын.
Әкімнің сөзіне қарағанда, «Uniserv» ЖШС-ның техникалары шұғыл түрде жұмылдырылып, көпір 20 наурыз күні кешкісін сағат 22.00-де қолданысқа берілді.
— Осыған дейін автокөліктер Аралтөбе ауылына Ақсай қаласы арқылы қатынап келген еді. Қазіргі кезде ешқандай мәселе жоқ. Автокөліктер емін-еркін өтіп жатыр, — деді Жұмагелді Батырниязов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауыл маңындағы көпірді су шайып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).