***
Кеше Әзербайжанның Габала қаласында түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің (Түркі кеңесі) үшінші саммиті өтті. Саммитке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Абдулла Гүл, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев және Түркіменстан Министрлер кабинеті Төрағасының орынбасары Сапардурды Тойлиев қатысты. Осы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Түбі бірдің тілегі бір» деген тақырыппен жарық көрді. Саммит барысында сөз алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдес мемлекеттер басшыларымен Түркі кеңесінің үшінші саммитінде кездескеніне қуанышты екенін жеткізе келе, Ильхам Әлиевке өздеріне көрсетілген ыстық ықыласы мен қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдірген. «Бүгінде Түркі кеңесі аясы кеңейген танымал халықаралық ұйымға айналды. Ұйым экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Өзара ынтымақтастық пен бірліктің артуы «Түркі әлемі» атты ортақ брэндті жер-жаһанға танытып отыр. Мен енді Сіздермен Кеңес қызметінің бүгіні мен болашағына қатысты ой бөліскім келеді. Біз Түркі кеңесінің беделін арттыру үшін оның Ұйым ретіндегі институттық негізін қалыптастыруға бар күшімізді жұмсауымыз қажет. Осыған қатысты кейбір маңызды құжаттарды ратификациялауды тезірек аяқтаған жөн», - дейді Мемлекет басшысы.
Кез келген мемлекеттің бастау алар нүктесі - мемлекеттік шекара. Елдің тыныштығы мемлекеттік шекараның берік күзетілуімен тікелей байланысты. 1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен шаңырақ көтерген ҰҚК Шекара қызметі осы жылдар аралығында талай белестерді артқа тастады. Мереке қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Нұрлан Жоламановпен кездесіп, шекарашылардың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сұхбаттасқан. Екеуара әңгіме барысында өзіне қойылған барлық сауалға тұщымды жауап берген ол: «Ауруын жасырған өледі», демекші, шекара құрылымдарындағы біраз кемшіліктер анықталды. Көптеген басшы құрамдағы офицерлер өздерінің тікелей міндеттеріне салғырт қарайды. Шекарашы секілді асқан жауапкершілік жүгін арқалаған мамандық иесіне өз қызметіне жүрдім-бардым қарау мүлдем жараспайды. Мына дерекке назар аударайын, Шекара қызметінің жеке құрамының саны Қарулы Күштерден екі есе аз. Бірақ, орын алған құқық бұзушылық Қарулы Күштердегі жағдаймен бірдей. Бұл - дабыл қағарлық жағдай еді. Әскери саланың негізгі тірегі - тәртіп. Тәртібі ақсаған ондаған әскери қызметшімен қош айтыстық. Оның арасында офицерлер де, келісімшарт негізіндегі қызметкерлер де бар. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді», - дейді. Сұхбат «Шекара қауіпсіздігі - тұрақты даму кепілі» деген тақырыппен берілген.
***
«Біріккен Ұлттар Ұйымынан жақсы хабар жетті: жаһандық осынау ұйымның Хатшылығы «Қазақстан болашағының тұрақты энергетикасының 2050 жылға дейінгі стратегиясы» Тұжырымдамасын мақұлдады», - деп жазады «Айқын» газеті «БҰҰ Қазақстан тұжырымдамасын қабылдады» деген тақырыптағы мақаласында. Осылайша, еліміздің кезекті бастамасы жаһандық деңгейде қолдау тауып отыр. БҰҰ Хатшылығы мен БҰҰ Бас хатшысының кеңсесі ғасыр ортасына дейінгі ұлттық энергетикалық стратегиясын әзірлеу туралы Қазақстанның шешімін құптай отырып, оның әлем елдеріне үлгі боларына сенім білдіріпті. Өйткені бұл құжат орнықты энергетика саласындағы әлемдегі тұңғыш ұлттық стратегиялардың бірі болғалы тұр. Жаңа тұрпатты Тұжырымдама жобасы биыл өткен VI Астана экономикалық форумы аясындағы арнайы сессия барысында талқыланған болатын. АЭФ ұйымдастыру комитетінің дерегінше, бұл жоба еліміздің «жасыл экономикаға» көшуі үшін тұрақты энергетика саласындағы қазақстандық бастамаларды топтастыруға бағытталған. Бұл құжаттың, сондай-ақ идеологиялық, имидждік маңызы бар: ол елдің экологиялық таза, табиғатқа зиян келтірмейтін «болашақ энергиясына» шын берілгендігін паш етеді. Бұл ықылас-ниетін Қазақстан жер-жаһанға «ЭКСПО-2017» кезінде көрнекті әрі кеңінен көрсетпек.
Осы басылымның жазуынша, Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары ерлігі әлдеқашан мойындалып, әлемге аты аңыз болып тараған Әлия Молдағұлованың асыл сүйегі Монаковада жоқ екен деген хабар таратты. Ол нақты фактілерге негізделген жоқ. Ешбір мұрағаттық құжаттарға, зерттеу жұмыстарына сүйенбей-ақ теп-тегіс жерден осындай әңгіме шықты. Сол жердегі батырға орнатылған ескерткіштің астында батыр қыздың сүйегі жоқтығын айтып, жерден жеті қоян тапқандай орыс газеттері жар салды. «Біздің білетініміз, бұл хабар шыққан кезде оған қазба жұмыстары жүргізілгені туралы айтылған жоқ. Тіпті солай болған күннің өзінде де, Әлияның сүйегі сол маңда жерленгендігін, туысқандар зиратына арналған ескерткіштің одан кейін орнатылғаны ескерілмеді. Батыр қыздың сүйегінен гөрі, оларды ескерткіштің астында болмағаны қызықтыратын сияқты», - деп жазады автор. Мақала «Батырдың аруағын мазаламайық» деген тақырыппен берілген.