Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлектері жүздесті

ОРАЛ. 13 шілде. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде осы білім ордасының 1980 жылдардағы түлектері бас қосты.

Ақжайық өңірінің әр ауданынан, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау облыстары мен Астана қаласынан келген оқу орнының түлектері университеттің филология факультетінде болып, ұстаздарымен жүздесті. Оқу орнының ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында атқарып жатқан іс-шараларымен танысты.

Қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірушілер алдында осы университеттің тәлімгер ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ұлдай Ержанова сөз сөйлеп, шәкірттеріне ізгі тілегін арнады. Ширек ғасыр бұрын білім алған жастардың бүгінгі таңда өз ісінің шебері болып отырғанын мақтаныш тұтатынын жеткізді.

Бұл жүздесудің өтуінде аталған топтың алғашқы жетекшісі болған Асхат Қуанышқалиев бірге оқыған құрбы-құрдастарын құшақ жая қарсы алды.

Батыстағы үш облыста білім беру саласында 25 жылдай еселі еңбек етіп жүрген университет түлектері арасында Орынгүл Ыдырысова, Гүлжан Сабырова, Дидар Рақымова, Бағдар Нигимова, Лиза Аюпова, Орынша Қарабаева, Гүлмира Темірғалиева, Гүлнәр Дүйсекова және басқа ұстаздардың есімін мақтанышпен айтуға болады.

Астанадан келген ақын-журналист Айбатыр Сейтақ бірге оқыған құрбыларына, ұстаздарына арнаған лебізін жыр жолдарымен жеткізді.

Кездесуге жиналғандар 2005 жылы 51 жасында дүниеден озған ұстаздары, филология ғылымдарының докторы Отаралы Бүркітұлының бейітіне барып, рухына тағзым етті. Сонда орталық мешітке барып, өмірден озған ұстаздарына және топтағы Қосаман Қаршығаұлына құран бағыштап еске алды.