АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Партиялық бағылау комитетінің мүшесі Владимир Редкокашин партия құрамындағы бірқатар азаматтардың мүшелік жарналары бойынша берешегі болғанын хабарлады. Бұл туралы ол бүгін Партиялық бақылау комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңесі және «Жас Отан» жастар қанатының бірлескен отырысында айтты.
Депутаттың сөзінше, Батыс Қазақстандағы партия филиалында мүшелік жарнаны жинау кезінде проблемалар бар көрінеді. Бұл тұрғыда жарнаны уақытылы төлемеу мәселесі байқалуда. Мәселен, тізімдемені зерттеу кезінде 2013 жылғы үшінші және төртінші тоқсандағы жарналар 2014 жылдың шілдесінде түскендігі анықталды.
Оның айтуынша, 2013 жылдың төртінші тоқсанында мүшелік жарнаны төлеу бойынша берешек БҚО әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаевта, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шәпкеновте, облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықовта (қазіргі облыс әкімінің көмекшісі), облыс әкімі аппаратының басшысы Марат Тоқжановта және басқаларында болған.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.