Батыс Қазақстан облысында білімге жұмсалатын қаржы 38179 млн. теңгеге жетті

ОРАЛ. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Елбасы Жолдауында мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті болуы үшін жас ұрпаққа үздік білім беру міндеті қойылғаны мәлім.

Бұл ретте білім саласына бөлінетін қаржы жыл сайын көбейіп келеді. Айталық, Батыс Қазақстан облысында өткен жылғы білім беру бюджеті 38179 млн. теңгені құрады.

Облыстық білім басқармасының бастығы Айгүл Мыңбаеваның сөзіне қарағанда, бұл 2011 жылғыдан 5752,7 млн. теңгеге артық. Соның ішінде республикалық бюджеттен 2012 жылы 2959,4 млн. теңге бөлінді. Шетелдік инвесторлар да облыстың білім саласына елеулі үлесін қосты.

Осындай қаржы есебінен өткен жылы 6 мектеп, 3 балабақша іске қосылды. Мәселен, Ақжайық ауданының Ақсуат ауылында, Қаратөбенің Үшағаш, Теректінің Көнеккеткен елді мекендерінде жаңа мектеп бой көтерді. Орал қаласында Назарбаевтың зияткерлік мектебіне қоса тағы екі білім ордасы салынды. Бөрлінің Қызылтал, Теректінің Подстепный, Бөкей ордасының Сайқын ауылдарында жаңа балабақша пайдалануға берілді.

Педагогтар біліктілігін көтеру күн тәртібінен түспейді. Өткен жылы 3500 ұстаз білімін жетілдірсе, соның 311-і - басшы кадрлар.

Барлық кәсіптік лицейлер мен колледжді қайта құру да өткен жыл еншісінде қалды. Қазіргі таңда 39 техникалық және кәсіптік білім ұйымында (соның ішінде 28 мемлекеттік, 11 мемлекеттік емес колледжде) 26 мыңнан астам адам жұмысшы мамандығын алуда.

Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясында инженерлік білім жүйесін дамыту, қазіргі заманғы техникалық мамандықтар бойынша халықаралық үлгідегі сертификаттар беру міндетін де қойды. 2012 жылғы түлектердің деңгейін тәуелсіз бағалау 125 мамандық бойынша жүргізіліп, 5067 адамды қамтыды.

Теориялық тестілеу мен практикалық жұмысты орындау нәтижесі бойынша 4662 адам немесе қатысушылардың 92 пайызы (2011 жылы - 81,4 пайыз) сәйкестік сертификатын алды.

Облыста 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы сәтімен жүзеге асырылуда. 3-тен 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі ұйыммен қамту 95,3 пайызға (республикалық көрсеткіш - 65,4 пайыз) жетті. Қазіргі кезде 471 мектепке дейінгі ұйым болса, соның 143-і - балабақша, 39-ы - мектеп-балабақша кешені, 289-ы - шағын орталықтар.