ОРАЛ. Қыркүйектің 26-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Нұрлан Төлтай БҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы болып тағайындалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қыркүйектің 25-інде жаңа басшыны басқарма ұжымына облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов таныстырды.
Н.Төлтай 1962 жылы дүниеге келген, 1984 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын, 2002 жылы Алматы технологиялық институтын бітірген. Мамандығы бойынша сәулетші-экономист. Сәулет-құрылыс саласында жұмыс істеген, соның ішінде Тараз, Алматы қалаларында лауазымды қызметтер атқарған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).