ОРАЛ. 27 шілде. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қуаңшылыққа байланысты 29 мыңнан астам га егістік алқабы есептен шығарылуға жатады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, ауа райының қолайсыздығынан барлық аудан залал шекті. Әсіресе, Бөрлі ауданына ауыр тиді. Мұнда егістіктің 80 пайызы жарамсыз. Қазірдің өзінде 35 пайызы (15 мың га) есептен шығарылған. Бөрліліктер барлығы 43650 га жерге дәнді дақылдар сепкен болатын.
Өңірде Зеленов ауданында жағдай тәуірірек. Мұнда күздік бидайдың әр гектарынан 12,3 центнерден өнім алынды. Облыс бойынша 10,2 центнерден айналып, 54 мыңнан астам тонна астық жиналды. Егер өткен жылы 760 га күздік бидай егістігі жинауға келмесе, биыл 8 мыңнан асты.
Жаздық бидай өнімі бұдан да төмен. Күні бүгін 5 мыңнан астам га егістіктен гектарына 4 центнерден айналды. Бұдан жиналған астық - 2,15 мың тонна.
Егін жинаумен қатар жерді парға әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы мұның көлемі 110 мың гектарды құраса, биыл 120 мыңға жетпек.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).