Батыс Қазақстанда 480 млн. астам теңге әкімшілік айыппұл өндірілмей отыр

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында уәкілетті органдар 139880 әкімшілік істі қарап, соның ішінде 139741 әкімшілік іс бойынша 2 млрд. теңгеге жуық айыппұл салынды. Құқық бұзушылар 1357,5 млн. теңгеге жуық айыппұлды немесе 65 пайызын ерікті түрде төлеген. Бұл туралы облыс прокуроры Серік Қарамановтың төрағалық етуімен өткен үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында мәлім етілді.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, уәкілетті органдар мәжбүрлеп өндіріп алуға тиісті қаржының 25 пайызын (161,6 млн. астам теңге) ғана өндірген. Сонда 480 млн. астам теңге айыппұл өндірілмей қалып отыр.

Тексеріс кезінде анықталғандай, айыппұл өндіру деңгейі мына мекемелерде төмен: БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде - 1,7 пайыз, сот актілерін орындау департаментінде - 18,3 пайыз. ҰҚК шекара қызметінде - 23,2 пайыз, монополияға қарсы органда - 15,2 пайыз.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 708, 709-баптарына сәйкес құқық бұзушының табыс алатын жерін анықтау және қаулыларды жіберу уақыты сақталмайды. Оның орнына қаулылар ерікті түрде орындау мерзімі өткеннен кейін негізсіз сот орындаушыларына жіберіледі. Сонымен бірге айыппұл салу туралы қаулылардың бір бөлігі уәкілетті органдарда ұзақ уақыт қозғаусыз жатып қалады. Мұндай фактілер 31 млн. астам теңге көлемінде ішкі істер, ҰҚК шекара қызметі, салық, қаржылық бақылау және басқа органдарда анықталған.

Үйлестіру кеңесінің отырысында әкімшілік айыппұлдарды өндіруде заң талаптарын толық орындау қажеттігі атап көрсетіліп, жұмыс тиімділігін арттыру, мүдделі мемлекеттік органдар арасында өзара байланысты күшейтуге бағытталған ұсыныстар қабылданды.